«Қытай — Қазақстан — Өзбекстан — Ауғанстан» бағытындағы алғашқы контейнерлік пойыз жолға шықты
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — «Қытай — Қазақстан — Өзбекстан — Ауғанстан» бағыты бойынша алғашқы контейнерлік пойыз жолға шықты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
O’ztemiryo’lkonteyner компаниясынан мәлім еткендей, 50 контейнер тиелген құрам Қытайдың бірнеше станциясы, Қазақстан және Өзбекстан аумағы арқылы Ауғанстанға өтеді. Жүктердің қатарында кеңсе тауарлары, күн панельдері мен маталар бар.
Жаңа бағыт тауар тасымалын жеңілдетіп, аймақтың транзиттік рөлін күшейте түспек. Жоспарға сай, келесі пойыз 30 мамырда жолға шығады.
Бұған дейін Қазақстанда контейнерлік тасымал көлемі артқанын жазып едік.
Сонымен қатар Транскаспий бағытында контейнерлік тасымал көлемі жылына 300 мың жиырма футтық эквивалентке жеткізіледі.