Қытай қазақстандық ет өнімдерін кіргізуге рұқсат беруге дайын

ет
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Бейжіңде ҚХР Бас кеден басқармасы басшысының орынбасары Сунь Юйнинмен келіссөз өткізді, деп хабарлайды Kazinform.

Тараптар мал және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің экспорттық тауарларының номенклатурасын кеңейту мәселелерін талқылады.

Арман Шаққалиев өз сөзінде бірқатар тауарлар бойынша қытайлық компаниялар мен ҚХР-ға экспорттауды жоспарлап отырған біздің кәсіпкерлер тарапынан жоғары сұраныс бар екенін атап өтті.

«Біз Қазақстанда бірнеше рет болған көптеген қытайлық компаниялармен кездесулер өткіздік, Олар сиыр еті, қой еті, тауық және субөнімдер сатып алуға дайын. Инвестициялық ынтымақтастық бойынша келіссөздер жүргізілуде, ірі қытайлық компаниялар қытай нарығына одан әрі экспорттау мақсатында қазақстанның ет өндірісі үшін орасан зор қаражат салуға дайын. Бірақ қажетті жағдай жасау үшін қолда бар шектеулерді алып тастап, ет өнімдерін экспорттауды қайта бастау қажет», — деді Арман Шаққалиев.

Айта кету керек, ҚХР Бас кеден басқармасы аусыл және құс тұмауы ауруларын бақылау бойынша Қазақстанның ветеринарлық қызметін бағалау үшін елге келуге дайын.

«Біз сондай-ақ салқындатылған ет өнімдерінің, термиялық өңделген ет өнімдерінің, құстың еті мен субөнімдерінің, тағамдық жұмыртқалардың, жылқы етінің және басқа да тауар түрлерінің экспортына қойылатын талаптарды келісу бойынша жұмысты бастауға дайынбыз», — деді кездесу барысында Қазақстан Сауда министрлігінің басшысы.

Келіссөз барысында өзара саудадағы кедергілерді жою жөнінде келісім жасалды.

ҚХР Бас кеден басқармасы Қазақстаннан термиялық өңделген ет өнімдерін жеткізуге қойылған шектеуді алып тастауға дайын екенін білдірді.

ҚХР нарығында қазақстандық түйе сүті үлкен сұранысқа ие. Қытай тұтынушысы бұл өнімнің дәмі мен сапасын біледі.

Қазақстанның бие сүтін экспорттау бойынша үлкен әлеуеті бар.

Алайда, ҚХР-да осы өнімді нарыққа жеткізу үшін тиісті ұлттық стандарт әзірлеу қажет, бұл туралы келіссөздер барысында да айтылды.

Экспорттың тағы бір маңызды бағыты — өсімдік шаруашылығы өнімдері. Қазақстан Қытайға сүйектіжеміс дақылдарын (шабдалы, өрік, шие) жіберуге дайын.

Бұршақ және жасымық бойынша әлеуетті экспорттаушылардың тізімі жасалды.

«Біз сұлы үлпегі, қызылша целлюлозасы мен картоп, жарма, күнбағыс тұқымының шроты, мақсары бойынша экспортты арттыруға дайынбыз», — деді Арман Шаққалиев.

Кездесу қорытындысы бойынша биыл қытай делегациясы келетін болды. Ол үшін жақын арада сапар бағдарламасы келісіледі.

Сапар қорытындысы бойынша Қытай тарапы шектеуді алып тастап, мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын талқылауға көшуге дайын.

Сонымен қатар, қытай тарапы термиялық өңделген сиыр етіне, қой етіне және құс етіне қойылатын ветеринарлық талаптарды келісу бойынша жұмысты қатар бастауға келіседі.

Соңғы жаңалықтар