Қытай керқұланды қалай көбейтті

АСТАНА. KAZINFORM - Әңгімені әріден бастайық. 2001 жылғы 28 тамыз. Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Қарамайлы жонының солтүстік қапталы. Жоңғар даласының азынаған қара желі бет қаратпай тұр. Биік қоршаудың темір қақпасы айқара ашық, бірақ іріктелген 27 керқұлан біразға дейін қоршау сыртына осқырына қарап, бөгеле берді де, бір кезде құлақтарын жымырып, құйрықтарын көкке шаншып, құла түзге қарай құйғытып ала жөнелді. Сол күні құм төбеде желден де жүйрік жануарлардың соңынан көзін алмай селтиіп ұзақ тұрған зоотехник Ян Цзяньминь бүгінде Шыңжаң Жабайы жылқыны зерттеу және көбейту орталығын басқарады. Сол сәтті еске алғанда ол «Қолымда өскен керқұландар көз ұшында көкжиекке сіңіп бара жатқанда, көңілімнің жайлауынан ел көшкендей құлазып сала бердім. Жануарлар қыстан аман шыға ала ма екен деген сұрақ жүрегіме маза бермеді» дейді.

құлан
Фото: Синьхуа агенттігі

Оны алаңдатқан, көңілін күпті қылған сансыз сауалдың жауабы бұл күнде айдан анық. Арада 25 жыл өткенде Қытайдағы керқұланның ұзын саны 900-ден асты, бұл әлемдік популяцияның шамамен үштен біріне тең. Қазіргі таңда керқұланның жабайы үйірлерін Шыңжаң, Ганьсу, Ішкі Моңғолия және Нинся аймақтарынан кездестіруге болады.

керқұлан
Фото: Синьхуа агенттігі

Керқұлан қазақ даласына да бөтен емес. Ғасырлар бойы байтақ өлкемізде жабайы жылқының осы түрі мыңғырып өскен. 2018 жылы «Science» журналында жарияланған зерттеуде қазақ жеріндегі Ботай қонысының тұрғындары қолға үйреткен ежелгі жылқылар қазіргі керқұланның арғы тегі ретінде аталады. 2024 және 2025 жылдары Қостанайдағы «Алтын Дала» резерватына Еуропадағы хайуанаттар бағынан қайта жерсіндірілетін керқұланның алғашқы топтары әкелінгені де есімізде.

Елге Пржевальский жылқыларының екінші тобы әкелінді
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

ҚазАқпарат тілшісі Қытайдың өткен қырық жылда кертағыны сақтап қалу және қайта жерсіндіру бағытында атқарған жүйелі жұмыстарына, қол жеткен нәтижелер мен шешімін күткен мәселелерге шолу жасап, керқұлан популяциясын қалпына келтіруге ынталы әрі мүдделі Қазақстан үшін үлгі боларлық табысты тәжірибелерді саралап көрді.

Керқұлан қалай жойылды?

Ертеректе керқұлан Моңғол үстіртінен Орталық Азияның қуаң және жартылай қуаң өңірлері мен шөлейттеріне дейінгі байтақ даланы еркін жайлаған. Алайда аңшылардың ашкөздігі мен табиғаттың тозуы салдарынан тағылардың таралу аймағы біртіндеп тарылып, адам аяғы жетпейтін ұлы шөлдердің терең қойнауындағы сулы, батпақты алқаптармен шектеле бастайды.

Қытайлық БАҚ-тың жазуынша, Еуропа жиһанкездерінің назарына ілінгеннен кейін, киелі жануардың басына нағыз нәубет орнайды. Германия, Ұлыбритания, Франция сияқты алыс шетелдерден ат өксітіп жеткен экспедициялар Жоңғар даласын қанға бояп, тірілей қолға түскен Пржевальский жылқыларын Еуропаның ірі зообақтарына жөнелтеді.

құлан
Фото: Синьхуа агенттігі

Осылайша керқұлан популяциясы күрт азаяды. Дала тағысының табиғат аясында көзге түскені туралы соңғы нақтыланған дерек 1969 жылы Моңғолия жерінде тіркелген. Ал ХХ ғасырдың 70-жылдары Қытай өз аумағында керқұланның жабайы популяциясы біржола жойылғанын ресми түрде жариялады. Сол жылдары әлемнің әр шалғайындағы хайуанаттар бақтарында көрмеге қойылған керқұланның ұзын саны мыңға да жетпейтін еді.

Бірақ негізгі мәселе, басты гәп мұнда емес, нағыз қауіп генетикалық әртүрліліктің азаюында еді. Бүгінде жер бетіндегі қолдан көбейтілген керқұланның барлығы кезінде Еуропаға әкетілген 12 дарабастан тарайды. Кейінірек Еуропа мен АҚШ-тағы зообақтар қолдағы керқұландарды өзара алмасу және олардың генеалогиялық шежіресін бір орталықтан жүйелі есепке алу арқылы басын айтарлықтай көбейткенмен, хайуанаттар бағының аумағы шектеулі болғандықтан, қолда өсірудің кешенді шаралары жолға қойылғанына қарамастан, генетикалық эрозияның қаупін сейілту бәрібір мүмкін емес еді. Сондықтан табиғат жанашырлары керқұландарды табиғи-тарихи отанына қайтару мәселесіне ден қоя бастады. Қытайдың «Пржевальский жылқысын тарихи отанына қайтару» бағдарламасы осылайша өмірге келді.

Кері оралған керқұлан: Қытай қырық жылда не тындырды

Ұлттық бағдарлама жүзеге асырылып, өрбіту орталықтары ашылды. 1985 жылы Қытай «Пржевальский жылқысын елге қайтару» бағдарламасын іске қосып, Еуропа елдерінен керқұландарды кезең-кезеңімен елге әкеле бастады. Шыңжаң мен Ганьсу өңірлерінде арнайы өрбіту және өсіру орталықтары ашылды.

Таратып айтар болсақ, 1986 жылдың қысында Еуропадан әкелінген алғашқы 11 керқұлан Шыңжаңдағы Жабайы жылқыны зерттеу және көбейту орталығына жеткізілді. 1988 жылғы 8 наурызда Қытайда керқұланның алғашқы құлыны дүниеге келіп, оған «Жоңғар I» деген ат берілді. Сол жылы керқұлан Қытайда бірінші санатта қорғалатын жануарлар тізіміне енгізілді.

құлан
Фото: Синьхуа агенттігі

Сәтсіздіктер ескеріліп, табиғатқа бейімдеудің кезеңдік әдісі енгізілді. Қытайда киелі жануарды қайта жерсіндіру жұмысы бірден сәтіне басқан жоқ. 2000 жылы «Жоңғар I» құлындау кезінде жан тапсырады. Оқыс жағдайдан кейін орталық жануарларды жабайы табиғатқа бейімдеу жұмысын жандандырып және жеделдетіп, темір тормен қоршалған, ауданы кең, жартылай ашық жайылым алқабын қалыптастыруға ден қойды.

2001 жылы табиғатқа жіберілген алғашқы керқұлан үйірінің жолы болмады. Сол жылы қыс қатты болды да, ауа температурасы қатарынан үш күн бойы минус 40 градусқа дейін төмендеп, ақ боран, ақырған аязда үш керқұлан үсіп өлді. Осы жайттан кейін, табиғатқа жіберілетін керқұландарды алдымен аумағы шамамен 2 мың гектарға жуық жартылай ашық қоршамалы жайылымда қатарынан алты ай бойы бос ұстау туралы шешім қабылданды. Осы аралықта олар өз бетінше азықтануға, су көзін табуға және табиғат аясында тіршілік етуге дағдыланып үлгереді.

құлан
Фото: Синьхуа агенттігі

Осылайша, ұзақ жылғы ізденістің нәтижесінде, Қытайда керқұланды қайта жерсіндірудің «қорада көбейту – жартылай ашық жайылымда бейімдеу – табиғат аясына кезең-кезеңімен жіберу» дейтін үш сатылы жүйесі қалыптасты. Ал Қытай Ұлттық жаратылыстану музейінің ғылыми-көпшілік мақаласында бұл үдеріс «қолда асырау – қорада көбейту – жартылай ашық жайылымда сынақтан өткізу – табиғи ортада сынау – толықтай қараусыз жіберу» деген бес кезеңге бөліп қарастырылған.

Генетикалық бақылау күшейтіліп, инбридингке жол берілмеді. Қытайға шет елдерден әкелінген базалық дарабас саны 24. Соңғы рет 2005 жылы Германиядан алты айғыр әкелініп, керқұландардың генетикалық қоры жаңартылды.

Орталық барлық дарабастың тегі мен тұқымы тәптіштеп тіркелген толық генетикалық-шежірелік мұрағат құрып, 100-ден астам тағыға ДНҚ сараптамасын жасады. Соның негізінде генетикалық тұрғыдан бір-біріне жақын емес жануарларды бөлек іріктеп, жаңа үйірлерге топтап отырды.

2024 жылы орталық Шыңжаң педагогикалық университетінің мамандарын жұмылдырып, геномдық секвенирлеу жұмыстарын қолға алды һәм ДНҚ сараптамасына негізделген молекулалық шежіре дерекқорын құруға кірісті.

Орталықтың аға инженері Чжан Хэфаньның айтуынша, қазіргі күнде керқұланның дарабасын түгі мен тезегі арқылы да анықтай беруге болады. Ал осыдан біраз жыл бұрын генетикалық шежірені қызметкерлер қолмен тіркеп, мұқият мұрағаттайтын, қазір популяция аумағындағы жақын туыстардың будандасуының алдын алуға озық технология көмектеседі.

Генетикалық әртүрлілікті сақтау аясында Қытай өңіраралық және халықаралық ынтымақтастыққа айрықша ден қойып отыр. Айталық, Қытай тарапы 2012 жылы Моңғолияға төрт айғыр жөнелтті. Бұл генетикалық алмасу мақсатында Қытайдың керқұланды алғаш рет тұқымдық жануар есебінде шетке шығаруы еді. Сондай-ақ, 2017 жылы Шыңжаңнан Ганьсуға жеткізілген жеті керқұланнан қазірге дейін 27 төл ерді. Бұл Ганьсу жеріндегі қолда бағылатын керқұланның шамамен 40 пайызы.

Керқұлан популяциясын қалпына келтіру бірнеше аймақта қатар қолға алынды. 2010 жылдан кейін Пржевальский жылқылары Шыңжаңдағы Қарамайлы тұяқтылар қорығынан Ганьсудағы Сиху, Ішкі Моңғолиядағы Дациншань және Нинсядағы Хэланьшань табиғат қорықтарына кезең-кезеңімен жіберіле бастады. 2025 жылдың қыркүйек айына дейін, Шыңжаң аталған үш аймаққа жалпы 37 кертағы жеткізген.

құлан
Фото: Синьхуа агенттігі

Хэланьшань табиғат қорығы директорының орынбасары У Таоның пікірінше, өңіраралық үйлестірілген ынтымақтастық жабайы жылқылардың өзара оқшауланған шағын популяцияларға бөлінуіне жол бермеуге мүмкіндік тудырып отыр.

«Жер, аспан және ғарыш» біріктіретін бақылау жүйесі енгізілді. Қарамайлы жонындағы қорық аймағында панорамалық мұнаралар, дрондар, арнайы GPS-мойыншақтары мен фототұзақтар біріктірілген кешенді мониторинг желісі құрылып, керқұландардың қозғалысын тәулік бойы қалт жібермей қадағалауға жол ашылды.

Сонымен қатар үйірлерді көзбен шолу, тезек үлгісін талдау сияқты дәстүрлі тәсілдер де әлі күнге қолданыста.

Табиғи тіршілік ортасын қалпына келтіруге күш салынды. Айталық, Хэланьшань қорығында өсімдік жамылғысын қалпына келтіру бағдарламасы қолға алынып, аймақ экологиясы айтарлықтай жақсарды. Игі бастама керқұланның тарихи ареалын қайта жаңғыртуға серпін берді.

Қорық жұмысына қоғамдық ұйымдар да тартылды. Айталық, 2026 жылғы 28 тамызда Ханчжоудағы Жануарлар дүниесі экологиялық кешенімен келісімшартқа қол қойылды. Шартқа сәйкес, Чжэцзян провинциясында қолдан көбейтілген керқұлан популяциясынан таңдап алынған дарабастар бейімдеу және тағыландыру мақсатындағы арнайы жаттығудан өткізілгеннен кейін кезең-кезеңімен Қарамайлы қорығына жіберілмек. Мақсат – жабайы популяцияның генетикалық әртүрлілігін көбейту.

Жетістік: 11-ден 900-ге

2025 жылғы шілдеде керқұланның тарихи отанына оралуының 40 жылдығына орай Үрімжіде өткен салтанатты жиналыста Қытайдағы Пржевальский жылқыларының жалпы саны 900-ден асқаны жарияланды. Бүгінде дүниежүзілік популяцияның үштен бірі Қытайға тиеселі. Шыңжаң Жабайы жылқыны зерттеу және көбейту орталығының базасында 800-ден астам керқұлан өсіріледі. Бұл орталық керқұлан төлдерінің қатарға қосылу көрсеткіші бойынша бүкіл әлемде көш бастап келеді.

Шыңжаңдағы керқұланның «шежіресі» алтыншы буынға жетті, қазірге дейін табиғат аясына барлығы 146 керқұлан жіберілгені белгілі. Нәтижесінде көсіліп жатқан Жоңғар даласында керқұланның бірнеше жабайы популяциясы қалыптасты.

Қытай
Инфографика: Kazinform

Синьхуа агенттігі халықаралық қауымдастық Қытайдың керқұлан популяциясын қалпына келтіру тәжірибесін сирек түрлерді қайта жерсіндірудің табысты үлгісі ретінде бағалайды деп жазады. Дегенмен Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) дерегінше, керқұлан әлі де «жойылып кету қаупі бар жануарлар» санатына жатады.

«Керқұлан популяциясының қазіргі күйі қуаң және жартылай қуаң аймақтардың экожүйесіндегі өзгерістерден сыр шертеді» деседі қытайлық сарапшылар. Бүгінгі күнде Қарамайлы қорығының аумағындағы су көздерінің маңында керқұлан, құлан (шікін құлан) және қарақұйрық өріп жүр. Бейжің Орман шаруашылығы университетінің профессоры Ху Дэфудың пікірінше, керқұланды тарихи мекеніне қайта жерсіндірудің нәтижелілігін анықтайтын екі негізгі критерий бар: біріншіден, керқұландар табиғи ортаның климаты мен от-шөбіне үйренуі, жыртқыштардың шабуылы мен адам әрекетінің салдарына бейімделуі қажет. Екіншіден, табиғи ортада өздігінен көбеюі және құлындары тез қатарға қосылып, ұзақ өмір сүре алатын болуы қажет.

Шешілмеген өзекті мәселелер жоқ емес

Қытайдың керқұлан популяциясын сақтау мен көбейту жолында мол жетістікке жеткені дау тудырмайды, дегенмен орын тепкен мәселе де аз емес.

Генетикалық әртүрлілікті сақтау оңайға соқпайды. Жер бетіндегі Пржевальский жылқысының барлығы санаулы ғана дарабастан тараған, бұл туыстық шағылысудың (қазақша айтқанда: өз жатырына шабу) ықтималдығын арттырмақ. Соның салдарынан төлдердің жетілуі баяулап, популяцияның өсімталдығы төмендеуі мүмкін.

Қолайсыз ауа райы аштық әкелуі мүмкін. Жоңғар ойысының климаты қоңыржай континеттік, жазы қағыр ыстық, қысы аса қатты емес, бірақ кей жылдары қар қалың жауып, күн күрт суытуы мүмкін. Баста айтқанымыздай, алғаш жабайы табиғатқа жіберілген керқұлан үйірінен үш бірдей биенің үсіп өлгені осыған дәлел. «Sixth Tone» басылымының жазуынша, қай бір жылы қыста мамандар ашыққан керқұландарға ақтүтек боранда көлікпен жоңышқа жеткізіп, оларды қар құрсауынан әзер алып шыққан.

Шағын популяциялардың табиғатқа бейімделуі тіпті қиын. Ішкі Моңғолиядағы Дациншань қорығында керқұлан саны 12-ден 21-ге өскенмен, қорық қызметкерлерінің айтуынша, айғырлардың жасы ұлғайып, үйірлердің өсімталдығы төмендеген, генетикалық әртүрлілік те жеткіліксіз. Сондықтан қорыққа жас айғырлар мен байталдар әкелу өте өзекті болып отыр.

Жиып келгенде табиғатқа жіберлген керқұландар қараусыз емес, оларға қыста қосымша жем-шөп жеткізу, ішті биелер мен қулық биелерді арнайы бақылау шаралары ескерілген. Демек, керқұлан үйірлері табиғатқа толық бейімделіп үлгерді деуге әлі ерте, оларға екі аяқтылардың көмегі бәрібір керек.

Қытай тәжірибесі бізге несімен қызықты?

Қазақстан да керқұландарды қайтару бойынша өз бағдарламасын іске асырып келеді. 2024 жылғы маусымда алғашқы жеті жылқы – бір айғыр мен алты бие – Чехияның Прага хайуанаттар бағынан Қазақстанға жеткізіліп, Алтын Дала резерватына орналастырылды. 2025 жылы Қазақстанға Прага хайуанаттар бағы мен Венгриядағы Хортобадь ұлттық паркінен тағы жеті жылқы әкелінді. Ал 2026 жылы «Әліби» орталығына сегіз жануар жеткізілді. Оның төртеуі Прага хайуанаттар бағынан, төртеуі Берлиндегі Тирпарк паркінен. Жоспар бойынша 2029 жылға дейін елге 40–45 жылқы әкелініп, өздігінен көбеюге қабілетті тұрақты популяция қалыптастыру көзделген.

керқұлан
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Екі елдің мақсаты бірдей болғанмен, басқан қадамы бірдей емес: Қазақстан керқұланды Еуропадағы зообақтардан елге жеткізіп, мамандар мен ветеринарлардың тұрақты бақылауымен реинтродукция орталығының базасында бейімдеуден өткізгеннен кейін бірден табиғат аясына жіберді. Ал Қытай алдымен өз аумағында керқұландарды қолдан көбейтуге арналған орталықтар желісін құрды.

Қытайдың өткен қырық жылда жинақтаған тәжірибесіне сүйене отырып, ескеруге тұрарлық бірнеше бағытты атап өткіміз келеді. Әрине, бұл ресми қорытынды емес, журналистік талдау негізінде жасалған өз пайымымыз.

1. «Ақырын жүріп, анық бас» қағидатын ұстану. Қытайдың «қолда көбейту – жартылай ашық жайылымда бейімдеу – табиғатқа бірте-бірте жіберу» әдісі қайта жерсіндіру үрдісін нақты әрі шынайы бағалауға болатын бірнеше этапқа бөлуге мүмкіндік берді. Әр кезеңнің нәтижелілігін анықтайтын негізгі критерий «жануарлар өздігінен көбейіп, өсіп-өне ала ма?» деген басты сұраққа бағытталған.

2. Сәтсіз тәжірибеден сабақ алу. Мысалы, алғашқы топта далаға жіберілген керқұландар қатты аязда үсіп өлгеннен кейін қытайлық мамандар жабайы табиғатқа қайтарылатын жануарларды жартылай ашық қоршамалы жайылымда кемінде жарты жыл бойы арнайы бейімдеуден өткізуге шешім шығарды. Қазақ даласының да қысы қатал. Сондықтан арнайы орталықтарда бейімдеудің кезеңдік үлгісі біз үшін де назар аударуға тұрарлық.

қхр
Фото: Синьхуа агенттігі

3. Генетикалық бақылауды бастан-аяқ босаңсытпау. Қытай тәжірибесі генетикалық шежірені жүйелі мұрағаттау, ДНҚ дерекқорын құру және әр өңірдегі популяциялар арасында дарабастар алмасу генетикалық әртүрлілікті сақтауда айрықша маңызды екенін көрсетеді. Бастапқы дарабастардың саны шектеулі болған жағдайда бұл мәселе тіптен өзекті.

4. Қайта жерсіндіру бағдарламасын бірнеше аймақта қатар іске асыру. Қытай қолдан көбейтілген керқұландарды бір ғана аймақта шоғырландырмай, аралары айтарлықтай шалғай төрт өңірде қатар жерсіндірді. Бұл тәсіл табиғи апаттар мен індеттің ықтимал тәуекелін бәсеңдетуге бағытталған. Ресурсы шектеулі трансшекаралық қайта жерсіндіру бағдарламасы үшін де осы тәжірибе пайдалы болуы мүмкін.

5. Үздіксіз мониторинг және мамандардың тұрақты бақылауы. GPS-мойыншақ, дрондар мен фототұзақтар сәйгүліктердің басқан-тұрған ізін анықтауға көмектесуі мүмкін. Алайда бұл жеткіліксіз. Ең маңыздысы – ен далада елгезек, қырағы қорықшылар мен ветеринар мамандардың тұрақты жұмыс істеуі.

6. Халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Қытайдың Моңғолиямен айғырлар алмасуы және еуропалық зообақтармен генетикалық әртүрлілікті арттыру бойынша байланыс орнатуы керқұландарды тарихи отанына қайтару бағытында күш-жігерді біріктірудің зәрулігін көрсетті. Жабайы жануарларды қорғау және табиғатқа қамқорлық көрсету – өңіраралық және халықаралық ынтымақтастықты қажет ететін ұзақ мерзімді міндет.

Ашық дереккөздерде Қазақстан мен Қытай арасында Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру бойынша тікелей ынтымақтастықтың жолға қойылғаны туралы нақтыланған ақпарат жоқ. Алайда екі елдің еуразиялық кеңістікте көршілес орналасқанын және керқұландарды жерсіндіру бойынша мақсаттарының ортақ екенін ескергенде, жабайы популяциялардың генетикалық әртүрлілігін сақтау, мониторинг технологияларын жетілдіру және ғылыми зерттеулер жүргізу бағыттарында тәжірибе алмасуға мүмкіндік мол.

Кезінде жер бетінен жойылып кетуге шақ қалған түз тағысының Еуропа асқан жұрнағы бұл күнде тарихи отанына қайта оралып жатыр, бұл сүбелі жетістік. Бірақ керқұландарды сақтау мен қорғау жабайы табиғатқа қайтарумен аяқталмайды. Керісінше, нағыз сынақ әлі алда. Себебі жабайы табиғатқа қайтарылған жануардың ендігі тағдыры адам баласының қамқорлығымен қатар табиғаттың қатал заңдарына да тәуелді.