Қытай компаниясына хуситтерге қолдау көрсетті деген айып тағылды
АСТАНА.KAZINFORM — АҚШ Қытайдың «Чангуан ғарыштық спутник технологиясы» компаниясын Йемендегі хуситтер қозғалысына спутниктік суреттер арқылы қолдау көрсетті деп айыптады.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, 17 сәуір күні АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Тэмми Брюс бұл компанияның хуситтерге тікелей көмек көрсетіп отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Қытай үкіметі бұл мәселеге қатысты АҚШ-пен байланыс орнатқанына қарамастан, компанияны қолдауды жалғастыруда.
— Бұл Қытайдың «бейбітшілікті қолдаймыз» деген мәлімдемесінің негізсіз екендігін дәлелдейді, — деді ол.
Бастапқыда Брюс компанияның хуситтерге нақты қандай қолдау көрсеткенін айтпаған. Алайда кейінірек ол «қытайлық компания хуситтерге спутниктік суреттер бергенін» нақтылады.
Еске сала кетейік, хуситтер 2023 жылдың қараша айынан бастап Қызыл теңіз бен Аден шығанағындағы кемелерге шабуыл жасай бастады. Хуситтер бұл шабуылдарды Газа секторындағы палестиналықтарға қолдау көрсету үшін жасап жатқанын мәлімдеді. Бұл шабуылдар Суэц каналынан өтетін жүк тасымалына кедергі келтіріп, көптеген компанияларды Африканың оңтүстігі арқылы айналма жолмен жүруге мәжбүр етті. Нәтижесінде жүк тасымалдау құны күрт өсті.
Айта кетсек, «Чангуан ғарыштық спутник технологиясы» компаниясы 2023 жылы АҚШ санкция тізіміне енгізілген болатын. Себебі, ол Ресейдің Украинаға қарсы соғысында маңызды рөл атқарған Вагнер тобына жоғары дәлдіктегі спутниктік суреттер берген деген күдікке іліккен. Аталған Вагнер тобы кейінірек ішкі себептерге байланысты ыдырады.
Бұған дейін Қытай мұнай алу каналдарын АҚШ-тан Канадаға ауыстырғанын жазған болатынбыз.