Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қытай Марстан әкелінетін топырақты зерттейтін арнайы зертхана тұрғызады

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Марстан топырақ үлгісін Жерге жеткізу миссиясына дайындық аясында планеталық қорғаныс зертханасын салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Xinhua.

Қытай Марстан әкелінетін топырақты зерттейтін арнайы зертхана тұрғызады
Фото: Xinhua

Нысан Аньхой провинциясының Хэфэй қаласындағы Терең ғарышты зерттеу ғылыми-технологиялық қалашығының бірінші кезеңі аумағында бой көтереді. Зертхананы пайдалану жұмыстарының бір бөлігін Терең ғарышты зерттеу зертханасы (DSEL) атқарады.

Зертханада Марстан жеткізілетін үлгілердің де, Жер биосферасының да қауіпсіздігін қамтамасыз ететін екіжақты қорғаныс жүйесі енгізіледі.

Оның негізгі міндеттеріне үлгілерді зарарсыздандыру, контейнерлерді ашу, топырақты өңдеу және биологиялық қауіп-қатерді бағалау кіреді.

DSEL-дің даму стратегиясы департаментінің директоры Ли Ханның айтуынша, Қытай Жердегі микроағзалардың Марсқа таралуына жол бермеу және Жерді ықтимал ғаламшардан тыс тіршілік нысандарынан қорғау мақсатында Ғарыштық зерттеулер жөніндегі комитеттің планеталық қорғаныс қағидаларын сақтайды.

«Тяньвэнь-3» миссиясы аясындағы ғарыш аппаратын ұшыру шамамен 2028 жылға жоспарланған. Ал Марс топырағының үлгілерін жинап, Жерге жеткізу 2031 жылы жүзеге асады деп күтілуде.

Бұған дейін Қытайдың Марсқа арналған миссияға қатысатын халықаралық серіктестерді іріктеуді аяқтағаны хабарланған болатын