Қытай мен ЕО электрлік көліктердің бағасы жөнінде келіссөз жүргізбек

АСТАНА. KAZINFORM - Еуроодақ 10 сәуір күні ресми Бейжіңмен Қытайда өндірілген электрлік көліктер үшін ең төменгі баға белгілеу туралы келісімге келгенін мәлімдеді. Бұл келісім ЕО-ның қытайлық электрлік көліктерге қосымша баж салығын енгізу туралы былтырғы шешімін алмастыруға бағытталған.

Каковы перспективы китайского рынка электромобилей после повышения пошлин ЕС
Фото: Peter Steffen/picture alliance/dpa

Lianhe Zaobao басылымының хабарлауынша, аталған мәселе бойынша келіссөздер басталып кеткен. Еуроодақтың мәліметі бойынша, Еурокомиссияның сауда және экономикалық қауіпсіздік жөніндегі комиссары Марош Шефчович Қытайдың сауда министрі Ван Вэньтаомен телефон арқылы сөйлескен, қос тарап Қытайдың электрлік көліктеріне ең төменгі баға белгілеу мәселесін талқылауға келіскен.

Ал Қытай Сауда министрлігінің бүгінгі хабарламасына сәйкес, Ван Вэньтао Шефчовичпен 8 сәуір күні телефон арқылы сөйлескен, тараптар нарыққа қолжетімділік мәселесі жөніндегі консультацияларды тез арада бастауға, электрлік көліктердің бағасы бойынша міндеттемелер туралы келіссөздерді дереу қолға алуға және автокөлік өнеркәсібі саласындағы инвестициялық ынтымақтастық мәселесін талқылауға уағдаласқан.

Бұған дейін Шефчович шекті баға белгілеу туралы кезкелген шараның тиімділігі мен бақылану мүмкіндігі ЕО-ның қазіргі тарифтік шараларынан олқы соқпауға тиіс екенін атап өткен болатын.

Еуроодақ өткен жылдың қазан айында Қытайдан жеткізілетін электрлік көліктерге жалпы мөлшері 45,3%-дан кем емес антидемпингтік қосымша баж салығын енгізген болатын. Қарымта ретінде Қытай ЕО-дан әкелінетін бренди өнімдеріне уақытша антидемпингтік баж салығын енгізді. Бұл шаралар Hennessy, Rémy Cointreau және Pernod Ricard секілді трансұлттық компаниялардың табысына елеулі әсерін тигізді.

Бұған дейін Қытай электрлік көліктер үшін 30 мың еуро көлемінде ең төменгі баға белгілеу туралы ұсыныс енгізген, алайда ЕО бұл ұсынысты қабылдамаған еді.

Басылымның жазуынша, АҚШ тарапынан Еуропа мен Қытайға қарсы енгізілген қосымша баж салықтарының қысымына байланысты, Еуроодақ пен Қытай электрлік көліктер бойынша жаңа келіссөздерді бастауға мәжбүр болып отыр. 9 сәуір күні АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан өзге елдерге қосымша баж салығының енгізілуін 90 күнге кідірту туралы шешім қабылдады.

Алайда Қытайға қарсы жалпы салық мөлшері 145%-ға көтерілді.

Соңғы жаңалықтар