Қытай мен Еуропалық одақ саудадағы түйткілдерді шешуге қадам жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай мен Еуропалық одақ арасындағы сауда-инвестициялық келіссөздердің алғашқы кезеңі Бейжіңде аяқталды. ЕО сауда және экономикалық қауіпсіздік жөніндегі комиссары Марош Шефчович кездесудің негізгі нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Қытайдағы меншікті тілшісі.
Бейжіңде Қытай мен Еуропалық одақ арасындағы екі күнге созылған сауда-инвестициялық келіссөздер аяқталды. Кездесу қорытындысы бойынша Еуропалық одақтың сауда және экономикалық қауіпсіздік жөніндегі комиссары Марош Шефчович баспасөз мәслихатын өткізіп, келіссөздердің негізгі нәтижелерін жариялады.
Сөз басында Марош Шефчович Қытайға нақты мақсатпен келгенін атап өтті.
— Мен мұнда бір айқын мақсатпен келдім. Ол — Еуропалық одақ пен Қытай арасындағы сауда қатынастарындағы тепе-теңдікті қалпына келтіру үдерісін бастау және сауда-инвестициялық консультациялар тетігі аясындағы келіссөздердің алғашқы кезеңінде нақты нәтижелерге қол жеткізу, — деді ол.
Комиссардың айтуынша, сауда тапшылығы Еуропалық одақ үшін үлкен проблемаға айналған. Оның салдары одаққа мүше әрбір мемлекетте сезіліп отыр.
Ол қазіргі жағдайды тұрақсыз деп бағалап, сауда қатынастарындағы тепе-теңдікті қалпына келтірудің нақты жолын әзірлеу қажет екенін айтты.
— Біз өз өнеркәсібімізді қорғап, жаһандық деңгейдегі өндірістік қуаттардың шамадан тыс артуына байланысты бұзылған әділ бәсекелестік жағдайын қалпына келтіруіміз керек, — деп атап өтті Марош Шефчович.
Айта кетейік, жақында Қытай ЕО-мен сауда келіссөздері қарсаңында импортқа қатысты тергеуді бастады.