Қытай мен Непал селдің себебін анықтау үшін бірлескен экспедиция жіберді
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай мен Непал екі ел шекарасында тамыз айында болған алапат селдің себептерін анықтау үшін бірлескен ғылыми-зерттеу тобын жасақтады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Lianhe Zaobao басылымына сілтеме жасап.
Екі елдің 10-нан астам университеті мен ғылыми-зерттеу институтынан келген 50-ге жуық ғалым апат болған аумақта 20 күн бойы зерттеу жүргізеді. Мамандар бұған себеп болған мұз бен тау жыныстарының опырылуын қоса алғанда, бірінен кейін бірі туындаған табиғи құбылыстардың барысын зерттейді.
– Бізге апаттан кейінгі жағдайды тиімді пайдаланып, эпицентрді жедел зерттеп, далалық бақылау арқылы маңызды деректер жинау керек, – деді Қытай Ғылым академиясының академигі Ван Чэншань.
Қытайлық мамандар жексенбі күні Катмандуға келді. Экспедиция барысында ғалымдар дрондар арқылы аумақты әуеден түсіріп, жер бедерінің үш өлшемді моделін жасайды және далалық сынамалар алады. Жиналған деректер негізінде мамандар табиғи апаттың қайта қайталану қаупін бағалап, Гьиронг өткізу бекетін қауіпсіз әрі орнықты қалпына келтіруге қатысты ұсыныстар әзірлейді.
26 тамызда Гималайдың орталық бөлігінде болған табиғи апат Непал мен Қытайдың шекаралас аудандарындағы инфрақұрылым нысандары мен өткізу бекеттерін қиратып кетті. Билік мәліметінше, Непал аумағында 16 қыркүйекке дейін 1403 адамның сүйегі табылған, ал хабар-ошарсыз кеткендер саны 6000-нан асқан. Қытай аумағында 5 қыркүйектегі жағдай бойынша 43 адам қаза тапқан, тағы 519 адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.
Бұған дейін Қытай-Непал шекарасында жоғалған қазақстандықтардың әлі табылмағанын хабарлаған болатынбыз.