Қытай мен Орталық Азия елдері қандай тележобалар әзірледі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Орталық Азия елдері мен Қытайды бірлескен медиаөндірісті кеңейтуге, оқыту бағдарламаларын жүргізуге, халықаралық стриминг платформалары мен ұлттық контентті ілгерілетуге шақырды. 

Қытай мен Орталық Азия елдері қандай тележобалар әзірледі
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовтың айтуынша, ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің өткен жылғы Қазақстанға сапары аясында бірқатар келісімге қол қойылды. Оның ішінде ҚХР Радио және теледидар бас басқармасымен, Қытайдың CMG медиакорпорациясымен сондай-ақ Синьхуа ақпараттық агенттігімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған.

− Осы құжаттар бірқатар нақты бағдарламаларды іске асыруға негіз болды. Олардың қатарында елдердің туристік әлеуеті туралы бірлескен деректі фильм түсіру, «Бір белдеу – Бір жол» бастамасының 10 жылдығына арналған тележоба, сондай-ақ Big Data, ЖИ және медиатехнологиялар бағытында журналистердің біліктігін арттыру бастмалары бар, − деді Қ. Ысқақов «Қытай – Орталық Азия» ақпарат агенттіктері форумында.

Екіжақты өзара іс-қимылды нығайту аясында Қазақстан «Орталық Азияға арналған бірыңғай ақпараттық кеңістік» идеясын ілгерілетіп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияның бай тарихи-мәдени және гуманитарлық мұрасын ашатын ортақ өңірлік телеарна, бірлескен тележобалар мен танымдық бағдарламалар құру мәселесін бірнеше рет көтерді. Бұл бағытта Қзақстан, Өзбекстан және Қырғызстан «Қорқыт ата» телехикаясын, Закауат интеллектуалдық шоуын, «Қос қанат» телекөпірі сияқты жобаларды жүзеге асырды.

− Біздің елдер арасында соңғы жылдары медиа саласындағы диалогтың айтарлықтай нығаюы маңызды жетістік болды. Астанада өткен І Орталық Азия медиафорумы бірегей алаңға айналды. Сонымен бірге, біз көршілес елдерде қазақстандық телеарналардың паритетті хабар таратуын кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізудеміз және қытайлық әріптестерді осындай форматқа қатысуға шақырамыз. Жалпы Қазақстан Орталық Азия елдерімен бірлесіп, меморандумға және басқа да стратегиялық құжаттарға қол қойды. Бұл біздің елдер арасында тату көршілік әріптестікті көрсетеді, − деді вице-министр.

Үшінші өте маңызды бағыт – жалған ақпаратқа, ЖИ мен түрлі нейробағдарламаларға байланысты жаһандық қиындықтарға тап болуымыз. Қазақстан бұл құбылысты қарсы тұрудың жүйелі тәжірибесін жинақтаған және өз тәжірибесін бөлісуге дайын.

− Қазақстан креативті индустрияны белсенді дамытып келеді. Жас жобаларды қолдауға салық жеңілдіктері беріледі. Шығармашылық хабтар құрып, медиа саласын гранттық қолдау механизмін енгізуде. Біз үшін креативтік сектор – ең жоғары қуаты бар және инвестициялық әлеуеті бар сала. Сондықтан осыған байланысты біз мәдени туризмді, жасыл экономиканы, инновациялық индустрияны дамытуға үлкен жол ашып жатырмыз. Бәз әріптестерімізді осындай бірыңғай және ортақ жобаларды құруға шақырамыз, − деді Қ. Ысқақов.

Айта кетейік, Президент Орталық Азия – Қытай ақпарат құралдарының форумына құттықтау жолдады.

ҚР Президенті телерадиокешені мен «Синьхуа» ақпарат агенттігі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжатта жаңалық контентімен алмасу, бірлескен тренингтер мен семинарлар өткізу, мультимедиалық өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын дамыту, сондай-ақ ақпаратты ұлттық және халықаралық деңгейде ілгерілету көзделген.

Соңғы жаңалықтар