Қытай мен Солтүстік Корея арасындағы жаңа көпір ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай мен Корей Халық Демократиялық Республикасы (Солтүстік Корея) арасындағы Ялуцзян өзеніндегі жаңа көпірде көлік қозғалысы ресми түрде ашылды. Екі ел өкілдері трансшекаралық көлік жолының ашылу салтанатын бірге өткізді, деп хабарлайды Синьхуа.
Жаңа аспалы көпір Қытайдың солтүстік-шығысындағы Ляонин провинциясының Даньдун қаласы мен Солтүстік Кореяның Пхёнан-Пукто провинциясындағы Синыйджу қаласын байланыстырады.
Екі тіреу мұнарасы мен екі қатар аспалы тросы бар көпірдің жүріс бөлігінің ені — 28,5 метр. Ол екі бағытта төрт жолақты көлік қозғалысына арналған. Көпірдің су бетінен биіктігі 3 мың тоннаға дейінгі су ығыстыратын кемелердің өтуіне мүмкіндік береді.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин сәрсенбі күні көпірдің ашылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық пен халықтар арасындағы байланысты одан әрі дамытуға ықпал ететінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қытай мен Солтүстік Корея — ортақ таулары мен өзендері байланыстыратын достас көршілер. Ал Ялуцзян өзені арқылы өтетін жаңа көпір екі елдің көлік инфрақұрылымын өзара байланыстыратын маңызды нысан саналады.
Даньдун порты — Қытайдың Солтүстік Кореямен шекарадағы ең ірі сауда порты. Жаңа автомобиль көпірі салынғанға дейін Ялуцзян өзені арқылы өтетін ескі көпір пайдаланылып келген. Ол Қытай–КХДР достық көпірі деген атпен де белгілі. Ескі көпір автомобиль және теміржол қатынасына арналған, алайда бір бағытта салмағы 20 тоннадан аспайтын жүк көліктерін ғана өткізе алатын.
Осы шектеулерге байланысты Қытай мен Солтүстік Корея 2010 жылы қолданыстағы көпірден төмен қарай жаңа автомобиль көпірін салу туралы келісімге келген.
Бұдан бұрын екі ел арасындағы жаңа көпір 15 қазанда ашылатынын хабарлаған едік.