Қытай Непалға гуманитарлық көмектің төртінші партиясын жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай сейсенбі күні таңертең Непалға гуманитарлық көмектің төртінші партиясын жолдады, деп хабарлайды Синьхуа.
Бұл туралы Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин кезекті баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің Қытайдың Непалдағы табиғи апат салдарын жоюға көрсетіп жатқан көмегі туралы сұрағына жауап бере отырып мәлімдеді.
Гуманитарлық көмектің бұл партиясына тасымалдау және жарықтандыру құралдары, сондай-ақ қаза тапқандарды жерлеуге қажетті жабдықтар кірді.
— Қытайдың түкпір-түкпірінен Непалға көмек жіберіліп жатыр, — деді Мао Нин.
Оның айтуынша, Қытайдың Ауылдық аумақтарды дамыту қоры зардап шеккен аймақтарға қызметкерлерін жіберіп, уақытша орналастыру пункттерін салуға, сондай-ақ қажетті заттармен қамтамасыз етуге және алғашқы медициналық көмек көрсетуге атсалысып жатыр.
Мао Нин сонымен қатар Непалдағы Қытай кәсіпорындары қауымдастығы табиғи апат салдарын жою жұмыстарына арналған қайырымдылық қаражаттың алғашқы партиясын жақында тапсырғанын атап өтті.
Осыдан бұрын қыркүйек айының басында Қытай Непалға гуманитарлық көмектің үшінші партиясын жіберуге дайындалып жатқанын жазған едік.
Непалда 26 тамызда болған алапат су тасқынынан қаза тапқандарды еске алу үшін дүйсенбі күні ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Ресми мәліметке қарағанда, Непал мен Тибеттегі табиғи апаттан 1 300-ден астам адам қаза тапқан. Тағы 5 000-ға жуық адам, оның ішінде шетел азаматтары да бар, әзірше хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.