Қытай полицейлері күзеуге көшкен малшыларға көмектесті — шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
Иран фарфор өндірісі бойынша әлемде екінші, керамикада бесінші орында — Parstoday
Иранның Сауда, өнеркәсіп, кен және ауыл шаруашылығы палатасының мүшесі Аббасали Қасаидың айтуынша, Ирандағы фарфор өндірісі 8 өндірістік бөлімшенің жұмысымен жылына 50 мың тоннаға жетті. Осы тұрғыдан алғанда Иран әлемде фарфор өндіруден екінші орында. Сондай-ақ керамика өндірісінде бесінші орында тұр, деп жазады Parstoday ақпарат агенттігі.
Ирандық басылымның хабарлауынша, Қасаи Иранның фарфор өнеркәсібінің заманауи және 50 жылдық тарихы бар.
Иранның Сауда, өнеркәсіп, кен және ауылшаруашылық палатасының мүшесі Иранның жыл сайын 7-8 миллион доллар фарфор экспорттайды. Оның дерегінше, Қытай фарфор өнеркәсібі бойынша әлемде бірінші орында.
Иранның Сауда, өнеркәсіп, кен және ауылшаруашылық палатасының мүшесі сонымен қатар плитка және керамика өндірісі бөлімшелерінің саны 10-нан 140-қа дейін өскенін айтады.
Атап айтқанда, Иранның керамикалық өнеркәсібі соңғы жылдары 20 есе өсіп, қазір оның жылдық өнімі 450 миллион шаршы метрді құраған.
«Ирандағы керамика өнеркәсібінің 10 мың жылдық тарихы бар және бізде бұл елдің керамика және қыш өнеркәсібінде әлемнің ешбір жерінде көрінбейтін ислам мәдениетінің тамаша туындылары бар», -дейді Аббасали Қасаи.
«АРУ» брендімен өндірілген сапасы жоғары сұйық сабындар — Жаңа дәуір
Тағы бір жақсы жаңалық — «Марал Инфинит» компаниясы 2023 жылдан бастап «АРУ» брендімен сұйық сабын, қол жуатын сұйық сабын, ыдыс-аяқ жуатын сұйықтық, «Хүйтний оргил» брендінің тұрмыстық жылу пештеріне қолданылатын тосол, антифриз, көлік жуатын сұйықтықтарды өндіріп нарыққа шығаруда. Бұл өнімдер — мамандар тарапынан лабороториялық зерттеулерден өтіп, стандарттық талаптардан шыққан өнім. Арнайы рұқсат берілген. Қазіргі таңда Моңғолияда сатылып жатқан осы тәріздес өнімдерден 30-40 пайыз арзан. Нарықтағы сұранысына келсек қазіргі таңда аймағымыздың көптеген супермаркет, дүкендерінде, кейбір сұмындарда саудалануда.
Бұл туралы осы аптада Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында шығатын «Жаңа дәуір» басылымы хабарлады.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, бұл компанияның алдағы мақсаты — нарық көлемін кеңейтіп, Моңғол елінің астанасы Ұланбатыр қаласында, сонымен қатар басқа аймақтарда сатылымға шығару. Сондай-ақ, қазір сұйық сабындардың сыртқы қаптамасын Қытай елінен импорттайды. Болашақта осы қапты өздері өндіруді жоспарлап отыр. Егер бұл жоба жүзеге асса, аймақтағы сусынның қаптары, керексіз болып қалған барлық пластмассалар қайта өндіріледі.
Компания директоры Студент Әбілұлының алдағы жоспары — қазіргі таңда 4 жұмысшысы бар «Марал Инфинит» компаниясы өндірісті кеңейтіп, толық автоматтандырмақ.
Қазақстан мен Түркияның Туризм және спорт министрлері кездесті — TRT
Қазақстан мен Түркияның Туризм және спорт министрлері бас қосты. Түркияның Жастар және спорт министрі Осман Ашкын Бак Қазақстанның бас қаласы Астанада Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновпен кездесті.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Түркияның Жастар және спорт министрі Осман Ашкын Бак бұл жолғы кездесудің себебін айтқан.
«Біз Астанада Қазақстанның Туризм және спорт министрі, бауырым Ербол Мырзабосыновпен кездестік. Екі дос ел арасындағы жастар мен спорт саласындағы берік ынтымақтастықты одан әрі жалғастырамыз», — дейді министр Бак.
Сондай-ақ осы аптада TRT-да «Қазақстан президенті Түркия Қорғаныс министрін қабылдады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Кездесуде екі ел арасында қауіпсіздік саласындағы тақырыптар қолға алынды.
ТР Ұлттық Қорғаныс министрі Яшар Гүлер Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан қабылданды. Тоқаев пен Гүлер Астанада Ақордада кездескен.
Кездесуде екі ел арасында қауіпсіздік саласындағы тақырыптар талқыланған.
Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, Тоқаев кездесуде Қазақстан мен Түркия арасында қарым-қатынастың екіжақты және жан-жақты жетілгенін айтқан. Ол президент Режеп Тайып Ердоғанға игі тілектерін жеткізіп, екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастық және серіктестіктің нығая түсуінің маңыздылығына тоқталған.
Министр Гүлер де Түркияның Қазақстанмен қатынастарын сенім және өзара қолдау рухымен тереңдетуге табанды екенін атап көрсетті.
Қытайлық полицейлер күзеуге көшкен малшыларға көмектесті — Халық газеті
2024 жылдың 10 қыркүйегінде Шыңжаңның кіру-шығу шекара инспекциясы терминалының Алтай шекарасын басқару отрядына қарасты Қом шекара полициясының бөлімшесі азаматтық полицейлерді ұйымдастырып, «шекара күзеті және малшыларға көмектесу отрядын» құрды, деп хабарлайды Қытайдың Халық газеті.
Қытайлық БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, киіз үйлерді жығу және тігу, әртүрлі қажетті заттармен қамтамасыз ету, бұйымдарды буып-түю, сондай-ақ мал айдасу қызметтерін көрсетіп, күзгі көште малшылар мен малдардың қауіпсіздігі және көштің кедергісіз жүруіне кепілдік еткен.
Сондай-ақ осы аптада Халық газеті басылымында «Үрімжі, Шыңжаң: „Әуе Жібек жолын“ салу қадамы жылдамдады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, Air China Үрімжіден Мәскеуге тікелей рейс ашқан. Сонымен қатар Куала-Лумпурдан (Малайзия) Үрімжіге тікелей халықаралық туристік чартерлік рейс қайта жанданды. Үрімжіден Бакуге халықаралық толық жүк рейс бағыты — «Тяньшань» ресми ашылған. Қыркүйектің бірінші аптасында Үрімжі Дивопу халықаралық әуежайы 4 халықаралық жолаушылар мен жүк тасымалы бағытын қайта қосты және жаңадан ашты.
Халық газетінің Үрімждегі Дивопу әуежайының кеденінен алған ақпаратына сәйкес, Шыңжаң осы жылдан бастап Үрімжіден Ереванға, Ыстамбұлға және Куала-Лумпурға 8 халықаралық жолаушылар бағыты мен 9 халықаралық жүк бағытын қосып, қалпына келтірілген. Осының ықпалында көліктің өзара байланысы ілгерілеп, «Әуе Жібек жолының» құрылысы кеңеюін жеделдеткен.
Өзбекстанға импортталған электромобильдің көбі Қытайдан әкелінген — ӨзА
Өзбекстан 2024 жылдың қаңтар-шілде айларында шетелден құны 156 миллион долларды құрайтын 10 542 электромобиль импорттады. Статистика агенттігінің хабарлауынша, 7 айдың ішінде Өзбекстан ең көп электромобиль импорттаған елдер арасында Қытай бірінші орында тұр, деп хабарлайды өзбекстандық ӨзА ақпарат агенттігі.
Атап айтқанда бұл көрсеткіштер төмендегідей, Қытай — 10 477 дана, Гонконг — 14 дана, Германия — 11 дана, БАӘ — 10 дана.
Сондай-ақ, аптаның соңғы күні ӨзА сайтында «Орталық Азия мемлекеттерінің екінші парламентаралық форумы өз жұмысын бастады» деген тақырыпта ақпарат жарияланды.
Хорезм облысының көне Хиуа қаласында Орталық Азия мемлекеттерінің екінші парламентаралық форумы өз жұмысын бастады.
Форумда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан парламенттерінің жетекшілері мен делегациялары, сонымен қатар, жастар парламенті мен топтары, жергілікті мемлекеттік билік органдарының өкілдері қатысуда.
Іс-шараның басында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің форум қатысушыларына жолдаған құттықтауын Олий Мажлис Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаева оқып тыңдатты.
«Қазіргі уақытта іс-шара 4 панель сессиясы аясында жалғасуда.Форум нәтижелері бойынша Орталық Азия елдері арасында парламентаралық ынтымақтастықтың жаңа формалары мен бағыттары әзірленеді. Орталық Азия елдерінің өңірлерін әлеуметтік-экономикалық дамытуда парламентаралық комиссиялардың, достық топтарының және жергілікті өкілді органдардың белсенді қатысуын кеңейтуге арналған ұсыныстар жасалады» деп жазады өзбекстандық БАҚ.