Қытай полициясы Қазақстан азаматын неге ұстады — СІМ түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM — Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қытай полициясы Қазақстан азаматын неге ұстағанына түсінік берді.
«Ол ақпаратты білем. Бір қызығы, ол кісі Қазақстан азаматтығын алған. Бірақ бірнеше жыл бұрын Қытай азаматы болған кезде жол-көлік апатына түскен. Бірақ басқа тараппен проблемасын шешпей Қазақстанға кетіп қалған. Осы жолы барғанда жергілікті полиция оған „осы мәселеңді шеш, содан кейін ары қарай жүре берсең болады“ деген талап қойған», — деді СІМ ресми өкілі.
Айбек Смадияров аталған азамат қазір Қазақстанға аман-есен келгенін атап өтті.
«Ешқандай проблема болмаған. Ол кісі өз мәселесін шешіп, дауласқан басқа тараппен жағдайды реттегеннен кейін паспортын алып, жүре берген. Бір де бір күн қамауға алынған да, оған күш жұмсалған да жоқ. Қазір ол Қазақстанға қайтып келді», — деді ол.
Бұған дейін Қытайдағы туыстарына қыдырып барған Қазақстан азаматы Тұрсынәлі Бекдәулетті Қытай полициясының ұстағаны мәлім болған еді.