Қытай Ресей азаматтары үшін бір жылға визасыз режим енгізеді

МӘСКЕУ. KAZINFORM — 15 қыркүйектен бастап Бейжің Қытайға шетелдік паспорттары бар Ресей азаматтарына 30 күндік визасыз режим енгізеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі. 

Қытай Ресей азаматтары үшін бір жылға визасыз режим енгізеді
Фото: Шанхай иммиграциялық инспекция станциясы

Бұл туралы ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзячунь мәлімдеді.

Қытай билігі визасыз кіруге құқығы бар елдердің санын көбейтеді және осы арқылы екі жақты сапарларды дамытуға ықпал етеді. Ресей азаматтарына арналған бұл режим 2025 жылғы 15 қыркүйектен 2026 жылғы 14 қыркүйекке дейін тестілік режимде енгізіледі.

Наурызда Мәскеу мен Пекин бұл шараларды талқылаған болатын. Тамыз айында Ресей СІМ-де екі адамнан тұратын туристік топтар үшін визасыз режим бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Ресей азаматтары Қытайға бару үшін әдетте виза қажет. Бірақ кейбір ерекшеліктер бар. Ресей азаматтарына Гонконгқа 14 күнге дейін, Макао мен Хайнань аралына 30 күнге дейін визасыз кіруге рұқсат етілген. Қалған Қытай аймақтарына баруға виза алу қажет.

2023 жылғы 10 қарашадан бастап Қазақстан мен Қытай арасында өзара визасыз режим жұмыс істейді

Одан бұрын Қытай 75 елдің азаматтары үшін визасыз режим енгізгенін жазғанбыз.