Қытай Рубионы санкциядан босата ма?

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякун сейсенбі күні АҚШ-ның жаңа Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионы санкциядан босату мүмкіндігі туралы пікір білдірді.

АҚШ пен ҚХР әскер басшылары бір жыл ішінде алғаш рет келіссөз жүргізді
Фото: Picture alliance / ТАСС

Бұл туралы сингапурлық Lianhe Zaobao басылымы жазды. 

Кезекті баспасөз маслихатында тілшілердің бірі «Рубио Трамп үкіметінің Мемлекеттік хатшысы қызметіне кіріскенін растады. Қытай үкіметі 2020 жылы Рубиоға санкция салған болатын. Бұл жағдайдың Қытай-АҚШ қарым-қатынасының дамуына қиындық тудыруы және тосқауыл жасауы мүмкін екенін ескере отырып, Қытай тарапы Рубиоға қатысты санкцияның күшін жоюды қарастыруы мүмкін бе?» деп сұрады. 

Го Цзякун бұл сұраққа тіке жауап қайтармай, Қытай мен АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғалары арасындағы байланысты сақтауың қажеттілігі туралы ғана айтты.

— Қытай өзінің ұлттық мүдделерін табанды түрде қорғайды, сонымен қатар Қытай мен АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғалары тиісті тәсілдермен өзара байланысты сақтауы қажет, — деді ресми өкіл.

Қытай тарапы «Қытайға қарсы айғайшы» деп атаған Марко Рубио 20 қаңтар күні ресми түрде АҚШ Мемлекеттік хатшысы қызметіне тағайындалды.

Рубио адам құқықтарына қатысты мәселелер бойынша Шыңжаң мен Гонконгтағы жағдайға сын айтқаны үшін 2020 жылы екі мәрте Бейжіңнің санкциясына ұшыраған болатын. 

Бұған дейін ҚХР төрағасының орынбасары Қытайдың АҚШ-пен жұмыс істеуге дайын екенін білдірген.

Соңғы жаңалықтар