Қытай шетелдік туристер үшін Tax Free жүйесін жеңілдетеді

АСТАНА. KAZINFORM - Қытайда шетелдік туристерге арналған салықты қайтару (Tax Free) рәсімін жеңілдететін жаңа ережелер қабылданды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі хабарлады.

Қытай шетелдік туристер үшін Tax Free жүйесін жеңілдетеді
Фото: Xinhua

Қытайдың Сауда министрлігі өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп, шетелдік қонақтарға арналған салықты қайтару жүйесін оңтайландыру жөнінде кешенді шаралар бекітті. Реформаның мақсаты – ішкі туризмді дамыту және ел ішіндегі тұтыну көлемін арттыру.

Жаңа жоспарға сәйкес, Tax Free жүйесі бар дүкендер желісі айтарлықтай кеңейтіледі. Мұндай нүктелер ірі сауда аймақтарында, туристік орталықтарда және көлік тораптарында ашылады.

Құны 10 мың юаньнан төмен сатып алулар үшін іріктемелі бақылау жүйесі енгізіледі. Ал осы сомадан асатын тауарлар бұрынғыдай жеке тексеруден өтеді.

Шетелдік туристерге арналған жедел салық қайтару қызметі енді өңіраралық деңгейде қолжетімді болады. Бұл шетел азаматтарына Қытайдың кез келген провинциясындағы өткізу пункттері арқылы рәсімді аяқтауға мүмкіндік береді.

Салық қайтарудан кейін елден шығу мерзімі 28 күнге дейін бірыңғай тәртіппен ұзартылмақ.

2026 жылдың шілдесінен бастап барлық рәсімдеу процесі толықтай цифрлық форматқа көшеді. Кеден органдары мен уәкілетті агенттіктер өтініштер мен түбіртектерді арнайы онлайн платформалар арқылы растайды.

Осыған дейін Қытайда роботтарға «төлқұжат» беріле бастағаны туралы жаздық.