Қытай су тасқыны қаупіне байланысты шұғыл әрекет ету режимін енгізді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай билігі төрт провинциялық деңгейдегі аймақта су тасқынына байланысты төртінші деңгейдегі шұғыл әрекет ету режимін іске қосты, деп хабарлайды Синьхуа.
Қытай Халық Республикасының Су шаруашылығы министрлігі жексенбі күні, 24 мамырда Аньхой, Хэнань, Шэньси провинцияларында және орталыққа тікелей бағынатын Чунцин қаласында су тасқынына қарсы төртінші деңгейлі шұғыл режим енгізді. Сонымен қатар Цзянси, Хубэй және Хунань провинцияларында да дәл осындай деңгейдегі алдын алу шаралары сақталды.
24–27 мамыр аралығында Қытайдың оңтүстік-батысындағы кейбір аймақтарда, Солтүстік-Батыс Қытайдың шығыс бөлігінде, Хуанхэ мен Хуайхэ өзендері аралығында, Янцзы мен Хуайхэ аралығындағы өңірлерде, сондай-ақ Янцзының оңтүстігіндегі аймақтардың солтүстік және батыс бөліктерінде қатты жауын-шашын күтіледі. Кейбір шағын және орта өзендерде су деңгейі тасқын туралы ескерту шегінен асып кетуі мүмкін.
Министрлік жергілікті су шаруашылығы органдарына жауын-шашын мен су деңгейін нақты уақыт режимінде бақылауды күшейтуді және ерте ескерту ақпаратын дер кезінде таратуды тапсырды.
Сондай-ақ су қоймаларының қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу, шағын және орта өзендердегі су тасқынының алдын алу және таулы селдердің қаупін азайту шараларын күшейту қажет екені айтылды.
Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, 23 мамыр кешінде Қытайдың оңтүстік-батысындағы Чунцин қаласының Юнчуань ауданында қатты нөсер салдарынан 10-нан астам адам хабар-ошарсыз кеткен.
Айта кетелік Қытайдағы шахта апатынан 82 адам қаза тапқан еді.