Қытай тарапы АЭС салу үшін жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізуге мүдделік танытты
АСТАНА. KAZINFORM — Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қытай тарапы АЭС салу үшін жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізуге мүдделік танытқанын мәлім етті.
— Атом стансасы құрылысына қытай мердігерлерінің кіру мүмкіндігін зерделеу туралы тиісті меморандуға қол қойдық. Олар мүмкіндіктерді зерделейді. Сценарий «Росатомдағыдай» болатын сияқты. Яғни, қытайлық әріптестеріміз алдын ала жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізуге мүдделік танытады. Бұл ретте Алматы мен Жамбыл облыстарындағы алаңдар да зерделенеді. Қазіргі уақытта әкімдіктерге сол алаңдарды анықтауға және іздестіру жұмыстарын жүрізуге рұқсат беруге қатысты көмекке жүгіндік. Солар аяқталғаннан кейін нақты қорытынды жасауға болады, - деді Алмасадам Сәтқалиев.
Осы жылдың маусымында Атом энергиясы жөніндегі агенттік пен «Росатом» АЭС салу жөніндегі жол картасын бекіткен еді.