Қытай телевизиясы Қазақстанның туристік орындары туралы фильмдер түсіреді

Туризм
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылы Қытайдан Қазақстанға туристік ағын 500 мың адамға дейін артады деп болжанып отыр. Бұл туралы бүгін осы күндері Бейжіңде өтіп жатқан Қазақстан-Қытай Туризм және инвестициялар форумы аясында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов мәлім етті.

«2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға қытайлық туристер ағыны 367 мың адамды құрады. Биылғы жылы түрлі оқиғаларды ескере отырып, ағымды 500 мың адамға жеткізуді жоспарлап отырмыз, бұл біздің болжам, алдымызға мақсат қойып отырмыз», - деді ол. 

Оның айтуынша, Қытайдан Қазақстанға туристік ағынды одан әрі арттыру үшін көптеген мүмкіндіктер және қытайлық және қазақстандық туроператорлар тарапынан қызығушылық бар. Оның пікірінше, Қытайдың туристік нарығында ұлттық туристік өнімді ілгерілету үшін жарнамалық науқанға, сондай-ақ туризм саласында іскерлік байланыс орнатуға үлкен көңіл бөлу керек. 

Қ.Сәдуақасов сондай-ақ ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында Қытай орталық телевизиясының CCTV-4 телеарнасы түсіру тобының Қазақстанға келіп, еліміздің туристік орындары туралы деректі фильмдер түсіретінін айтты. Олар Алматы, Шымкент, Астана қалаларына, сондай-ақ Түркістан және Алматы облыстарына барады. 

Сонымен қатар, Үрімжіден (ШҰАР, Қытай) Қазақстанның оңтүстік-шығыс және оңтүстік аймақтары арқылы Астана қаласына дейін трансшекаралық туристік жол бағдарын әзірлеумен жазғы-күзгі кезеңде жол талғамайтын экскурсиялық экспедиция ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 

2024 жылы Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында 30-дан астам іс-шара жоспарланған. 

Еске сала кетсек, бүгін Қытайда Қазақстанның туризм жылы ресми түрде басталды. Аталған шараның ашылу рәсімі Қазақстан-Қытай туристік және инвестициялық форумынан басталды.

Соңғы жаңалықтар