Қытай төрағасының орынбасары АҚШ-та Илон Маскпен кездесті
БЕЙЖІҢ. KAZINFORM – Tesla компаниясы АҚШ-Қытай экономикалық және сауда ынтымақтастығын дамытуда оң рөл атқаруға дайын, деп хабарлайды Kazinform-ның меншікті тілшісі.

Бұл туралы Вашингтонда (АҚШ) ҚХР төрағасының орынбасары Хань Чжэн мен Tesla бас директоры Илон Масктың кездесуінен кейін Қытай СІМ мәлімдемесінде айтылды.
— Tesla Қытаймен инвестиция мен ынтымақтастықты тереңдетуге, сондай-ақ АҚШ-Қытай экономикалық және сауда ынтымақтастығын дамытуда оң рөл атқаруға дайын, - деп келтірді Қытай Сыртқы істер министрлігі Илон Масктың сөзін.
Еске сала кетсек, 2019 жылы Шанхайда Tesla зауыты ашылған болатын. 2025 жылдың бірінші тоқсанында қытайлық мегаполистегі америкалық Tesla өндірушісінің гигафабрикасында Megapack энергия сақтау батареяларының жаппай өндірісі басталады деп күтіліп отыр.
Қытай Сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде атап өтілгендей, ҚХР төрағасының орынбасары Хань Чжэн 19 қаңтарда Вашингтонда АҚШ-тың іскер топтарының, соның ішінде АҚШ-Қытай іскерлік кеңесі және АҚШ Сауда палатасының өкілдерімен де кездесулер өткізген.
Саясаткер америкалық компаниялар Қытайға инвестиция салуды жалғастырып, екі тарап арасындағы көпір рөлін белсенді түрде атқарып, Қытай мен АҚШ қарым-қатынасының тұрақты, салауатты дамуына көбірек үлес қосатынына сенім білдірді.
Бұған дейін Қытай төрағасының орынбасары Дональд Трамптың АҚШ-тағы инаугурациясына қатысатынын жазған болатынбыз.