Қытай вице-премьері: ЕО-мен протекционизмге қарсы бірлесе әрекет етуге дайынбыз

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың вице-премьері Хэ Лифэн 27 наурыз күні Қытайдың Еуропалық Одақпен (ЕО) сауда-экономика саласындағы келіспеушіліктерді реттеп, біржақтылық пен протекционизмге қарсы бірлесе күресуге дайын екенін мәлімдеді.

Қытай вице-премьері: ЕО-мен протекционизмге қарсы бірлесе әрекет етуге дайынбыз
Фото: Pixabay.com

Сингапурлық Lianhe Zaobao басылымының жазуынша, Хэ Лифэн бұл туралы Бейжіңде Еурокомиссияның сауда және экономикалық қауіпсіздік жөніндегі комиссары Марош Шефчовичпен кездесуінде айтты. Ол Қытай тарапы ЕО-мен диалог пен өзара байланысты нығайтуға, сауда саласындағы келіспеушіліктерді реттеуге, өзара ашықтықты кеңейтуге және тараптар арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды тұрақты түрде дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол Қытай мен Еуроодақтың көпжақты сауда жүйесін қорғау мақсатында біржақтылық пен протекционизмге қарсы бірлесіп күресуі керегін қадап айтты.

Марош Шефчович X платформасында ЕО мен Қытайдың екіжақты және жаһандық мәселелерді шешуге байланысты ортақ мүддесі бар екенін жазды.

— Біз сауда және инвестициялық қарым-қатынастарымызды шынайы түрде қайтадан теңестіруіміз қажет, — деді ол.

АҚШ президенті Дональд Трамптың кедендік тарифтерге қатысты қолданған саясаты Қытай-АҚШ және ЕО-АҚШ қарым-қатынастарына айтарлықтай әсер етті. Биыл ақпаннан бастап Трамп Қытайдан импортталатын барлық тауарға 20% қосымша баж салығын енгізген болатын.

Трамп 26 наурыз күні импорттық автокөліктерге жаңа тариф енгізетінін мәлімдеді. Бұл шара Еуропаның, әсіресе Германияның автокөлік өндірушілеріне айтарлықтай соққы болмақ, себебі неміс автокөлік экспортының шамамен 25%-ы АҚШ-қа бағытталған.

Сонымен қатар, ЕО Қытаймен экономикалық қарым-қатынасқа байланысты бірқатар мәселеге алаңдаушылық білдіріп отыр. Атап айтқанда, ЕО өзара тиімді мемлекеттік сатып алу мүмкіндіктерінің болмауына, нарықтық кедергілердің жойылмауына және трансшекаралық деректер алмасудың қиындығына разы емес.

Соңғы жаңалықтар
Референдум