Қытай жалған блогерлер мен жалған ақпаратқа қарсы күресті күшейтті

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Киберкеңістік істері жөніндегі орталық комиссиясы кеңсесі «Таза интернет: қысқа бейнелердегі ойдан шығарылған бейнелермен күрес» атты екі айлық арнайы науқанды бастады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.

Қытай жалған блогерлер мен дипфейктерге қарсы күресті күшейтті
Фото: Kazinform/ЖИ

Ведомство блогерлердің қаралым жинау және адал емес жолмен табыс табу мақсатында өздерін басқа адамдар ретінде таныстыру әрекеттерінің жолын кесуді көздеп отыр. Реттеуші орган заңбұзушылықтың бес негізгі санатына назар аударды:

– қайырымдылық жинау және тауарларды ілгерілету мақсатында курьер, кедей фермер, мүгедек немесе ауыр науқас адамдардың рөлін сомдайтын қойылымдық бейнероликтер;

– тиісті лицензиясы расталмаған дәрігер, заңгер және мұғалімдердің жалған парақшаларын жасап, ақылы кеңес пен курстар сату;

– танымал адамдарға еліктеу үшін дипфейктерді пайдалану, қоғам назарындағы оқиғаларға қатысушылар ретінде өздерін таныстыру және «көлеңкелі аккаунттар» құру;

– сәнді өмір салтын көрсету үшін жалға алынған заттар мен атрибуттарды пайдалану, тез баю схемаларын жарнамалау, сондай-ақ астрологтар мен «фэншуй шеберлерінің» қызметтерін ұсыну;

– қоғамда алауыздық туғызуы мүмкін отбасылық зорлық-зомбылық, адам ұрлау және жалған қайырымдылық туралы ойдан шығарылған оқиғалар.

Науқан аясында реттеуші орган платформаларды жалған аккаунттарды бұғаттауға, контенттің тиісті түрде таңбалануын қатаң бақылауға және мұндай бейнероликтерді ұсыныстар алгоритмінен алып тастауға міндеттейді. Сондай-ақ ведомство жасанды интеллект арқылы жасалған аватарларды пайдаланып жасалатын алаяқтық схемалардан егде жастағы адамдарды қорғау шараларын күшейтеді.

Бұған дейін Қытайда шығарылған жаңа шағын сериалдардың 90 пайыздан астамы жасанды интеллект көмегімен жасалғаны хабарланған.