Қытайда 2030 жылға қарай 5G қосылымдары 1,7 млрд-тан асады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазір Қытайға әлемдегі бесінші буын байланыс желісі — 5G қосылымдарының 40 пайыздан астамы тиесілі. Сарапшылардың бағалауынша, 2030 жылға қарай елдегі 5G желісіне қосылулар саны 1,7 миллиардтан асады, деп хабарлайды Синьхуа.

Турция подключила 5G
Фото: Anadolu

Бұл туралы сейсенбі күні ашылған MWC Shanghai 2026 дүниежүзілік мобильді конгресінде жарияланған «Қытайдың мобильді экономикасы – 2026» баяндамасында айтылды.

Халықаралық ұялы байланыс операторлары мен жабдық өндірушілері қауымдастығының (GSMA) есебіне сәйкес, мұндай ауқым Қытайдың 5G технологиясын қолдануда ғана емес, сонымен қатар озық мобильді желілердің даму бағытын айқындауда да көшбасшы екенін көрсетеді.

Баяндамада атап өтілгендей, 5G желілерінің қамту аумағы мен өткізу қабілеті кеңейген сайын саладағы басымдық көбірек пайдаланушыны қосудан жоғары өнімді, интеллектуалды әрі сараланған қызметтерді дамытуға ауысып келеді.

Бұл үрдіс Қытайдың материктік бөлігіндегі 330-дан астам қалада 5G-Advanced технологиясын коммерциялық негізде енгізу арқылы көрініс тауып отыр. Аталған технология мобильді жасанды интеллектіні дамытуға, иммерсивті тұтынушылық сервистерді кеңінен қолдануға, кәсіпорындардың цифрлық трансформациясын жеделдетуге және қоғамдық инфрақұрылымды нығайтуға мүмкіндік береді.

Құжатта көрсетілгендей, 2025 жылы мобильді технологиялар мен қызметтер Қытайдың жалпы ішкі өнімінің шамамен 7,2 пайызын қамтамасыз еткен. Бұл шамамен 1,5 триллион АҚШ долларына тең.

Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 2,1 триллион АҚШ долларына жетуі мүмкін.

24-26 маусым аралығында өтіп жатқан Шанхайдағы дүниежүзілік мобильді конгресс Азиядағы коммуникация және технология саласындағы ең ірі әрі ықпалды іс-шаралардың бірі саналады. Форум барысында әлемнің жетекші компаниялары мен жаңашыл мамандары болашақтағы байланыс технологияларының даму бағыттары жөнінде пікір алмасады.

Бұған дейін Қытай 9 жылдан кейін алғаш рет суперкомпьютерлердің әлемдік рейтингінде көш бастағанын жазған болатынбыз.