Қытайда 8 мың жыл бұрын өмір сүрген ер адамның келбеті қалпына келтірілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай ғалымдары 8 мың жылдан астам уақыт бұрын өмір сүрген ер адамның бет-бейнесін қайта қалпына келтірді. Реконструкция Хэнань провинциясындағы ежелгі Цзяху қонысынан табылған адам сүйектерінің негізінде жасалды. Бұл туралы Xinhua агенттігі жазды.
Реконструкцияны Хэнань провинциясының мәдени мұра және археология институты мен Цзилинь университетінің биоархеологиялық зертханасының мамандары бірлесіп жүргізді. Олар физикалық антропология әдістерін заманауи үшөлшемді модельдеу технологияларымен ұштастырған.
Зерттеушілердің айтуынша, бұл жұмыс ежелгі Цзяху қонысын мекендеген адамдардың сырт келбетін көзге елестетуге мүмкіндік береді.
Ғалымдар ер адамның қайтыс болған кездегі жасын 25–30 жас шамасында деп бағалаған. Мұндай тұжырым жамбас сүйегінің пішіні мен тістерінің тозу деңгейіне негізделген.
Зерттеу нәтижесінде ер адамның бас сүйегі сопақша пішінді, қасүсті доғалары айқын, ал бет сүйектері жалпақ әрі кең болғаны анықталды. Оның бет әлпеті біршама жалпақ, жақ сызықтары бұрышты, мұрны орташа көлемді болған.
Ежелгі адамның келбетін қалпына келтіру үшін мамандар бас сүйегінің егжей-тегжейлі үшөлшемді моделін жасаған. Олар бет пішінін анықтауға көмектесетін 28 негізгі нүктені белгілеп, бұлшықеттердің сүйекке бекіну ерекшеліктерін зерттеген. Осы деректер негізінде ер адамның бет-бейнесінің шамамен қандай болғанын анықтаған.
Реконструкция барысында ер адамның жасы да ескеріліп, оған табиғи сақал мен терідегі жас ерекшеліктеріне тән белгілер қосылған.
Цзяху археологиялық ескерткіші Хэнань провинциясындағы Уян уезіне қарасты аттас ауылдың маңында орналасқан. Бұл қоныс шамамен 9–7,5 мың жыл бұрынғы ерте неолит дәуіріне жатады және сол кезеңдегі ірі мекендердің бірі саналады.
Археологиялық қазба жұмыстары кезінде бұл жерден сүйектен жасалған флейталар, тасбақа сауыттары, қыш ыдыстар, тас құралдар және басқа да көне жәдігерлер табылған. Цзяху ескерткіші Қытайдың Орталық жазығындағы ежелгі тарих пен мәдениетті зерттеуде маңызды орын алады.
Қазір Қытайда археологиялық зерттеулерге цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, жасанды интеллект, спутниктік түсірілім, ұшқышсыз ұшу аппараттары, үшөлшемді модельдеу және виртуалды шындық технологиялары тарихи мұраны зерттеу, құжаттау және сақтау мақсатында қолданылған.