Қытайда ашылатын қазақ мәдени орталығында қанша қызметкер жұмыс істемек
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан мен Қытай үкіметі арасында өзара мәдени орталықтар құру келісімін ратификациялау туралы» заңы мақұлданды.

«Қытайда мәдени орталықтарды өзара құру туралы шешім қабылданып, 2023 жылғы 27 қарашада Астана қаласында Үкіметаралық келісім жасалды. Заңның негізгі мақсаты — Бейжіңде Қазақстан Республикасының, ал Астанада Қытай Халық Республикасының мәдени орталығын құру. Орталықтарды құру өзара қарым — қатынасты нығайтуға, екі халық арасындағы өзара түсіністікті жан-жақты қамтамасыз етуге, достық қарым-қатынастарды дамытуға, мемлекеттер арасындағы мәдени-гуманитарлық іс-шаралар өткізуге, екі елдің тілін, мәдениетін, салт-дәстүрлерін, тарихын таныстыруға өз септігін тигізетін болады. Келісімде мәдени орталық жіберуші мемлекет аккредиттеген, сол елдің заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін коммерциялық емес ұйым — заңды тұлға нысанында жұмыс атқарады», — деді сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.
Оның айтуынша, орталықтарға діни, миссионерлік немесе сол мемлекеттің заңнамасына қайшы келетін өзге де қызмет жүргізуіне, сол сияқты жеке немесе заңды тұлғаларға осындай қызметті жүзеге асыруға жәрдемдесу рұқсат етілмейді.
Заңда мәдени орталықтардың орналасқан жерін анықтау, табыстары мен мүлкіне салық салу, басшысының мәртебесі, тағайындау, дауларды реттеу тәртібі, келісім жасау, өзгерістер мен толықтырулар енгізу, заңдық күшіне ену, ұзарту мерзімдері қарастырылған.
«Қазір Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақстандық мәдени орталық қызметінің тұжырымдамасын әзірледі. Тұжырымдамаға сәйкес, орталық ғимаратында түрлі іс-шаралар, кино, концерттік қойылымдар өткізуге арналған көпфункционалды зал, курстар, тренингтер, шығармашылық кездесулер өткізуге арналған коворинг орындары бар кітапхана, көрмелер мен таныстыру іс-шараларын ұйымдастыруға арналған экспозициялық алаң мен мультимедиялық кеңістік, сондай-ақ туризм бұрышын орналастыру көзделген. Бейжіңдегі қазақстандық мәдени орталықтың штат саны 13 қызметкерден тұрады, оның ішінде 3 қызметкер — Қазақстан азаматтары, 10 қызметкер — Қытай тарапынан жалданатын азаматтар болады. Қытайдағы Отанымыздың мәдениет орталығы республикалық бюджеттен қаржыландырылады», — деді депутат.
Үкімет пен уәкілетті органның құзыреттерін айқындау мақсатында «ҚР Мәдениет туралы» заңына тиісті түзетулер мен өзгерістер енгізілетін болады.
«Келісімді ратификациялау екі ел арасында мәдени-гуманитарлық, ғылым мен білім беру байланыстарын одан әрі кеңейтуге, мәдениет және өнер қайраткерлерінің кең ауқымын тарту арқылы туристік әлеуетті дамытуға, тарихи-мәдени мұрасын ілгерілетуге оң серпін береді», — деді сенатор.