Қытайда балалар уланған балабақша директоры өмір бойына бас бостандығынан айырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Ганьсу провинциясында сот балалар жаппай қорғасынмен уланған балабақшаның басшысын өмір бойына бас бостандығынан айырды, тағы 5 қызметкер түрлі мерзімдерге жабылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі Жэньминь Жибао басылымына сілтеме жасап.

Қытайда балалар уланған балабақша директоры өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Фото: freepik.com

Ланьчжоу қаласының орта деңгейдегі халық соты айыпталушыларды улы және зиянды тамақ өнімдерін өндіру және сату ісі бойынша кінәлі деп тапты әрі олардың қылмысын ауырлататын мән-жайлар анықталды.

Сот құжаттарына сәйкес, балабақша басшылығы ас үй қызметкерлеріне балалар мен қызметкерлердің тамағына азық-түлік емес улы және зиянды заттарды қосуды тікелей тапсырған, бұл жәбірленушілердің денсаулығына ауыр зардабын тигізген.

Тяньшуй қаласындағы «Хэши Пэйсинь» балабақшасының іс жүзіндегі директоры Ли Хуэйфан саяси құқықтарынан айырып, 500 000 юань (74 600 доллар) тұратын жеке мүлкін тәркілей отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Мекеменің меңгерушісі Чжу Цзинлинь 15 жылға бас бостандығынан айырылып, 300 000 юань (44 700 доллар) айыппұл салынды.

Ас үйдің тағы төрт қызметкері, Ню Айюань, Вэнь Яфан, Хэ Сюйся және Ань Чуньлин, алты жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру және айыппұл төлеу жазасына кесілді.

Бұған дейін Қытайдың солтүстік-батысындағы Ганьсу провинциясындағы балабақшада 247 баланың уланғаны туралы хабарланған. Балалардың тағамына құрамында қорғасын бар улы бояуларды әдейі қосты деген күдікпен алты адам, соның ішінде балабақшаның инвесторы, директоры және аспаздары қамауға алынған болатын.