Қытайда барыс саны бес мыңға жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда қазіргі күнде шамамен 5000 барыс бар, қатаң шаралардың нәтижесінде елде мысықтектес жыртқыштың саны тұрақты түрде өсіп келеді. Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлады.
2013 жылдан кейін Қытайда ілбісті қорғау және оның тіршілік ортасын қалпына келтіру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылды. Ресми мәліметтерге сәйкес, елдегі барыс саны 2013 жылғы 2 500-ден бүгінде шамамен 5 000-ға өскен. Қытайда мысықтектес тағының тіршілік аумағы 2,08 миллион шаршы шақырымға жетеді. Бұл жер бетіндегі барыстардың жалпы таралу аумағының 60 пайызына тең.
Ілбіс Қытайда бірінші санатта қорғалатын жабайы жануар қатарына жатады. Негізінен Шыңжаң, Тибет, Цинхай, Ганьсу, Сычуань, Юньнань, Ішкі Моңғолия және Нинся өңірлерінде таралған. Көбіне теңіз деңгейінен 3 000–5 000 метр биіктіктегі жартасты тауларды, альпілік шалғындар мен шөлейтті таулы аймақтарды мекендейді.
Соңғы жылдары барыстың тарихи мекенін қалпына келтіру үшін табиғи орман мен жайылымдарды қорғау сияқты бірқатар экологиялық жобалар жүзеге асырылды. Бұл шаралар ілбістің негізгі жемі саналатын тауешкі, арқар сияқты қоңыр аңдардың санын көбейтуге де айтарлықтай әсер етті.
Агенттіктің жазуынша, Қытайда барыс таралған аумақтарда екі ұлттық парк пен 78 табиғат қорығы құрылған. Соның нәтижесінде 800 мың шаршы шақырымнан астам аумақ қатаң қорғауға алынып, барыс популяциясының қалпына келуіне қолайлы жағдай жасалған.
Хэланьшань жотасында барыстың тұқымы жойылып кеткендіктен, Қытай үкіметі оны қайта жерсіндіру бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Қазіргі уақытқа дейін бұл өңірге сегіз барыс жіберілген. Олар жаңа ортаға бейімделіп, өз бетінше аң аулай бастаған. 2026 жылы жоба аясында қайта жерсіндірілген жыртқыштың табиғи ортада балалап, төлінің қара құлақтанғаны тіркелді.
Сонымен қатар барысты қорғау жұмыстары барысында фототұзақ арқылы бақылау, спутниктік қарғыбаулармен қадағалау және нәжіс үлгілеріне ДНҚ зерттеуін жүргізу шаралары қолға алынған. Жергілікті тұрғындарды табиғатты қорғау рейдтеріне тарту, жыртқыштар келтірген шығынды мемлекеттік бағдарлама арқылы өтеу және сақтандыру тетіктерін енгізу де маңызды тәжірибе саналады.
Агенттіктің мәліметінше, алдағы уақытта ілбістің таралу аймақтары арасындағы табиғи байланысты жақсартуға, популяцияның генетикалық әртүрлілігін сақтауға және адам мен жыртқыштардың қақтығысын азайтуға басымдық беріледі.
Бұған дейін Қытайдың оңтүстік-батысындағы Тибет аумағында болған 7,0 балдық жер сілкінісінен 16 адам қаза тауып, 65 адам жараланғанын жазған едік.