Қытайда білім алғысы келетін жастарға қандай мамандық таңдаған дұрыс
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь Қытайда жоғары білім алғысы келетін қазақстандық жастарға болашағы зор төрт мамандық бағытын ұсынды.
26 қарашада Астанадағы Қытай Елшілігінде баспасөз брифингі өтті.
Жиында журналистер бүгінде Қытай қазақстандықтар үшін тек көршілес ел ғана емес, білім, бизнес, туризм және жаңа мүмкіндіктер алаңына айналғанын атап өтіп, жастарға қандай мамандық таңдаған тиімді екенін сұрады.
Екіжақты ынтымақтастықтың болашағы мен еңбек нарығының нақты сұранысын ескере отырып, Елші ең алдымен жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар және цифрлық экономика сияқты озық салаларға назар аударуға кеңес берді. Ол Қытайдың бұл бағыттарда қарқынды дамып келе жатқанын және Қазақстан мен Қытайдың осы салаларда белсенді әріптестік орнатып отырғанын, сондықтан білікті мамандарға сұраныс өте жоғары екенін атап өтті.
Сонымен қатар дипломат жаңа энергетика, пайдалы қазбаларды игеру және материалтану мамандықтарын игеруге шақырды.
Оның сөзінше, бұл бағыттар Қазақстанның дәстүрлі басым салалары саналумен қатар, қазіргі таңда екі ел арасындағы нақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі. Сауда-экономикалық байланыстар мен өзара көлік қатынасын дамыту мәселесіне тоқталған Елші көлік-логистика, халықаралық тасымал және трансшекаралық коммерция салаларының да болашағы зор екенін жеткізді.
-«Бір белдеу, бір жол» бастамасын сапалы түрде бірлесіп жүзеге асыру аясында Қазақстан мен Қытайдың өзара байланысы нығая түседі. Бұл өз кезегінде аталған салаларда екі ел жастары үшін жаңа жұмыс орындары мен даму мүмкіндіктерін молайтатынына сенімдімін, – деді Хань Чуньлинь.
Бұдан бөлек, дипломат заманауи ауыл шаруашылығы, экология және қоршаған ортаны қорғау салаларын басым бағыттар қатарында атады.
Елшінің пікірінше, қос тараптың бұл бағыттардағы ынтымақтастық әлеуеті орасан зор әрі бұл салалар қазіргі жаһандық инвестиция мен «жасыл» дамудың негізгі үрдісіне айналып отыр.
Сонымен қатар Хань Чуньлинь мамандық таңдауда жеке қызығушылық пен болашақ мансап жоспарын ескеру маңызды екенін еске салып, қытай тілін жетік меңгеру Қытайда білім алу мен табысты еңбек етудің басты кепілі екенін атап өтті.
Елші қазақстандық жастарды осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтатын білікті маман болуға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін Қытайдың жоғары оқу орындарына үкіметаралық грантпен түсуге ниетті қазақстандық талапкерлер үшін жаңа талап қойылғаны хабарланған болатын.