Қытайда дрондарға қарсы лазерлік кешендер таныстырылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай астанасында өткен қорғаныс ақпараттық технологиялары мен жабдықтары көрмесінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын жоюға арналған жоғары энергетикалық Lijian («Өткір қылыш») лазерлік кешендерінің жаңа сериясы таныстырылдыдеп хабарлайды агенттік тілшісі.
Жүйелерді қытайлық Harbin Xinguang Optic-Electronics Technology компаниясы әзірлеген.
Кешендердің басты ерекшелігі — жоғары мобильділігі. Портативті нұсқаларын бір-екі әскери қызметші оңай тасымалдап, қысқа уақыт ішінде іске қоса алады.
Тактикалық міндеттеріне қарай жүйелер көлемі мен әрекет ету қашықтығы бойынша бірнеше түрге бөлінеді. Стационарлық Lijian-10G моделінің нысананы жою радиусы 1200 метрге дейін жетеді. Ал салмағы 30 келі болатын Lijian II және 25 келілік Lijian III тасымалды нұсқалары 500 метрге дейінгі қашықтықтағы дрондарды тиімді жоя алады.
Өндіруші мәліметінше, Lijian III әуе нысанасының корпусын небәрі 4 секунд ішінде тесіп өте алады. Келесі атуға дайындалу үшін лазер сәуле шығарғышын салқындатуға 5 секундтан аз уақыт қажет. Құрылғының энергия тұтынуы шамамен 2 киловаттты құрайды, ал бір портативті қондырғының нарықтық бағасы 295 мың АҚШ долларына бағаланған.
Нысаналарды анықтау және жою үшін Lijian кешендері жасанды интеллект технологияларын пайдалана алады. Әзірлеушілердің айтуынша, лазерлік қондырғыларды әуе шабуылына қарсы қорғаныстың бірыңғай жүйесіне біріктіруге, сыртқы нысаналау интерфейстеріне қосуға және шағын көлемді радарлармен жабдықтауға мүмкіндік бар.
Бұған дейін Жамбыл облысы аумағында 120 әскери міндетті азаматтың ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторлығы мамандығын меңгеретіні хабарланған болатын.