Қытай әуежайында есірткіні ағзасына жасырған жолаушы ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай әуежайында шетелдік азамат есірткіні ағзасына жасырып, кеденнен өтпек болды, деп хабарлайды CNS ақпарат агенттігі.

Қытай астанасы Бейжіңдегі әуежай кеденшілері есірткіні ағзасына жасырып, заңсыз тасымалдаған шетелдік азаматты ұстады. Қылмыскерден 123 дана капсула тәркіленіп, олардың жалпы салмағы 1,58 келіден асты. Бұл соңғы бес жылда анықталған ең үлкен есірткі тасымалы болып тұр.
Әуежайда рейс жолаушыларын тексеру кезінде күдікті ер адамның кеден декларациясына ешқандай жүк туралы мәлімет бермегені және оның мазасыз әрекеттері қызметкерлердің назарын аударды.
Сұрақ-жауап пен тексеру нәтижесінде оның ішіне есірткі жасырғаны анықталды. Ол дереу тексеру қызметіне жеткізіліп, дәрігерлік бақылауға алынды. Кейін ол бірнеше рет ағзасынан есірткі капсулаларын шығарды. Сараптама бұл капсулалардың ішінде жоғары сапалы кокаин бар екенін растады.
Адам ағзасында есірткі тасымалдау — қылмыскерлер жиі қолданатын қауіпті әдіс. Есірткі капсулалары асқазан қышқылынан зақымданып, жарылса, адам ағзасына улы зат тарап, өлімге дейін әкелуі мүмкін.
Қытай заңдары есірткі тасымалына қатаң қарайды. Заң бойынша есірткі тасымалдау немесе сатумен айналысқан адам кез келген жағдайда қылмыстық жауапқа тартылады. Күдіктілер ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылып, тіпті өлім жазасына кесілуі мүмкін.
Бұған дейін Қытайдың қорғаныс министрі сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінгені белгілі болды.