Қытайда геологиялық мұра тізіміне енген үш жаңа нысан анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық геология ғылымдары одағының (ХГҒО) геологиялық мұра нысандары тізіміне Қытайдан тағы үш нысан енгізілді. Осылайша, елдегі тізімге енген нысандардың жалпы саны 13-ке жетті, деп хабарлайды Синьхуа.

Қытай мен Солтүстік Корея арасындағы жаңа көпір ашылды
Фото: Синьхуа

Бұл туралы сенбі күні жарияланған хабарламада айтылды. Тізімге енген жаңа нысандар:

  • Қытайдың оңтүстік-батысындағы Чунцин қаласының Юньян уезінде орналасқан орта юра кезеңіндегі динозавр қазба қалдықтарының орны;

  • Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясындағы Сяньшуйхэ жарылымы(разлом);

  • Қытайдың шығысындағы Аньхой провинциясының аумағындағы Дабешань триас кезеңінің аса жоғары қысымды метаморфтық белдеуі.

ХГҒО мәліметінше, Юньяндағы қазба қалдықтары орнынан жақында орта юра кезеңіне жататын динозаврлардың сүйектері табылған. Олар 19 тұқымдасқа, 12 отрядқа және 6 класқа жатады. Бұл олжалар динозаврлардың эволюциясын зерттеудегі олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ орта юра кезеңін толық қамтитын аумақтан динозаврлардың 11 түріне жататын қазба қалдықтары табылған. Олардың қатарында әлемдегі юра кезеңіне тиесілі ең үлкен қазба іздері шоғырланған «қабырға» бар.

Тибет қыратының шығыс шетінде орналасқан Сяньшуйхэ жарылымы әлемдегі ең белсенді құрлықішілік жарылымдардың бірі саналады. Хабарламада айтылғандай, бұл аумақ құрлықтағы белсенді деформацияны, жарылымдардың қозғалыс үдерістерін және сейсмикалық қауіптерді зерттеуге мүмкіндік беретін табиғи зертхана болып отыр.

Ал Дабешань тауларындағы нысан – Жер бетіндегі көлемі ең үлкен, аумағы кең әрі жақсы сақталған аса жоғары қысымды метаморфтық белдеу. ХГҒО дерегінше, бұл өңір субдукцияны, жер қойнауындағы жыныстардың жер бетіне көтерілуін және тереңдегі флюидтердің тау жыныстарымен өзара әрекеттесуін зерттеуге арналған бірегей табиғи зертхана саналады. Сонымен қатар ол литосфералық тақталар тектоникасы теориясының дамуына маңызды ғылыми дәлелдер ұсынады.

Халықаралық геология ғылымдары одағының Геологиялық мұра жөніндегі халықаралық комиссиясы төрағасының орынбасары, Қытай геология ғылымдары университетінің (Бейжің) профессоры Чжан Цзяньпин геологиялық мұра нысандары халықаралық маңызы бар, негізгі геологиялық ерекшеліктер мен үдерістер сақталған орындар екенін атап өтті.

Оның айтуынша, мұндай нысандар жаһандық деңгейде салыстыруға арналған үлгі бола алады немесе геология ғылымының даму тарихында айрықша орын алады. Олар халықаралық ғылыми құндылығы мен зерттелу деңгейін көрсетіп қана қоймай, тиімді қорғалады.

Геологиялық мұра нысандарының бұл тізімі 2022 жылдан бері кезең-кезеңімен жарияланып келеді. Алғашқы кезеңде Қытайдың жеті нысаны, екінші кезеңде тағы үшеуі тізімге енгізілген. Соңғы үш нысан қосылғаннан кейін Қытайда мұндай нысандардың саны 13-ке жетті. Осы көрсеткіш бойынша ел геологиялық мұра нысандары ең көп мемлекеттердің қатарына қосылды.

Осыған дейін Қытайда масаларды лазермен жоятын ЖИ құрылғысы өндіріле бастағанын жаздық.