Қытайда қарттардың саны алғаш рет балалар санынан асты

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда тарихта алғаш рет қарттарға түсетін демографиялық жүктеме балаларға түсетін жүктемеден асып түсті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап хабарлады. 

пожилые люди, пенсионеры
Фото: Kazinform / ЖИ

Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы елдегі 65 жастан асқан тұрғындардың саны 223,65 миллион адамға жеткен. Ал 0 мен 14 жас аралығындағы балалар саны 212,76 миллион болды.

Демографиялық жүктеменің жалпы коэффициенті 45,1 пайыз болды. Бұл ретте қарттарға түсетін жүктеме көрсеткіші 23,1 пайызға дейін өсіп, балаларға түсетін жүктемеден (22 пайыз) асып түсті.

Елдің бірқатар өңірінде туу көрсеткішінің төмендеуі және балабақшаларға баратын балалар санының азаюы салдарынан бос қалған мектепке дейінгі мекемелер қарттар үйлері мен геронтологиялық орталықтарға айналдырылып жатыр. Бұған дейін тәрбиешілер даярлаған колледждерде қазір қарттарға күтім жасау қызметтерін ақылды технологиялар арқылы басқару және әлеуметтік қызмет көрсету мамандықтары ашылуда.

Егде жастағы халық санының артуы «күміс экономиканың» дамуына ықпал етті. Қытайда қарт адамдар арасында каллиграфия мен ән айтуды, жасанды интеллектіні пайдалануды, бейнемонтаж жасауды және ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруды үйрететін мамандарға сұраныс артып келеді.

Бұған дейін Қытайда халықтың қартаюы жеделдеп, отбасылық күтімнің жетіспеушілігін өтеуге бағытталған «жалға алынатын балалар» қызметінің танымал бола бастағаны хабарланған еді. 

Айта кетелік Қытайда болашақ қаласының тұжырымдамасы таныстырылған еді.