Қытайда «Қазақ халқының мың күйі» атты кітаптың тұсаукесері өтті – шетелдегі қазақ баспасөзі

кітабының
Фото: mp.weixin.qq.com

Kazinform агенттігі шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады. 

Қытайда «Қазақ халқының мың күйі» атты кітаптың тұсаукесері өтті ukilialtay

4 қараша күні «Қазақ халқының мың күйі» атты күй кітабының тұсаукесері өтті. Аталған басқосу Алтай аймақтық Мәдениет-спорт, радио-телевизия және саяхат мекемесінде өткізілді, деп хабарлайды Қытайдың ukilialtay ақпараттық порталы.

«Қазақ халқының мың күйі» атты күй кітабының шығуына аймақтық әкімшілік мекемесі, аймақтық үгіт бөлімі, аймақтық мәдениет және саяхат мекемесі қатарлы ресми органдар демеушілік көрсеткен. 

Аталған кітаптың авторы Алтай аймақтық ән-би үйірмесінің бұрынғы басшысы, мемлекеттік 1-ші дәрежелі композитор Қабылалды Абдоллаұлы. 

Қытайда «Қазақ халқының мың күйі» атты кітаптың тұсаукесері өтті – шетелдегі қазақ баспасөзі
Фото: pixabay.com

Автор 2017 жылдан бастап «Қазақ халқының мың күйі» атты кітап жөнінде ізденіс жасап, реттеп, жинау жұмысына кіріскен. Қ.Абдоллаұлы жан-жақты жұмыс істеу арқылы соңында күй кітабын ресми баспадан шығарып тарату мүмкіндігіне ие болған.

«Осы күй кітабының баспадан шығып таратылуы – қазақ ұлтының халықтық әндері мен аспаптық күйлерін жалғастыру, дамыту ғана емес, онан да маңыздысы адамдарға өнерді, мәдениетті танытуға ұмтылу. Сондай-ақ мұндай күй кітабының шығуы ұлттық музыка мәдениетін зерттеудің ілгерлеп келе жатқанын көрсетеді», - дейді қытайлық басылым.

Түркия ұлы көсемдерін ұлықтады «TRT»

Ұлы көсемді тағы бір рет құрметпен еске аламыз. Түркия Республикасының негізін қалаушы және тұңғыш президент Мұстафа Кемал Ататүріктің қайтыс болғанына 85 жыл толды. Біз оны сүйіспеншілікпен және құрметпен еске аламыз, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады. 

Аталған басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, Мұстафа Кемал Бірінші Дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде Османлы империясын «жеңіліске ұшырады» деп есептеп, отан топырағын жеңімпаз елдер жаулап ала бастаған кезде түрік ұлтына көшбасшылық жасап, тәуелсіздік күресін жүргізген. 

кітап
Фото: trt.net.tr/kazakh/bag-darlamalar

«Бұл күрес табыспен аяқталған соң Лозаннада қабылданған Бейбітшілік келісімі нәтижесінде Түркия Республикасы құрылды және Мұстафа Кемал тұңғыш президент болып сайланды. Артынан «Ататүрік» тегін алған көшбасшы өзі бастап жүзеге асырған реформаларымен заманауи бір қоғамның құрылуына үлкен үлес қосты. Ұлы көсемін тағы бір рет құрметпен еске аламыз», - деп түйіндейді түркиялық БАҚ.

Сонымен қатар осы аптада «TRT»-да «Түркия Айға көлік жібереді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды. 

Аталған басылымның дерегінше, Түркияның Ұлттық Ғарыш бағдарламасы аясында бастаған, Айды зерттеу жұмысын жүзеге асыру үшін жетілдірілген алғашқы ғарыш көлігі 2026 жылға қарай аяқталып, ғарышқа ұшырылады.

Бұл маңызды жобада Түркия Ғылыми және техникалық зерттеу мекемесі «TÜBİTAK», Өнеркәсіп және технология министрлігі мен Түркия Ғарыш агенттігі тарапынан дайындалған Ұлттық ғарыш бағдарламасы аясында Түркияның 10 жылдық жоспар мен мақсаттары айқындалған. Осылайша Түркияның Ай зерттеулерімен танылатын елдер қатарына қосылуы мақсат етілді.

«Қорғас» еркін сауда орталығында қазақстандық банк ашылды – «Халық газеті»

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, 3 қарашада Қазақстанның Орталық несие Банкі Шыңжаң еркін сауда аймағының Қорғас ауданындағы «Қорғас» Қытай-Қазақстан Халықаралық шекара ынтымақтастығы орталығына ресми түрде орналасты. Бұл Шыңжаңның еркін сауда аймағы құрылғаннан кейін осында ашылған алғашқы шетелдік банк, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті». 

Қытайда «Қазақ халқының мың күйі» атты кітаптың тұсаукесері өтті – шетелдегі қазақ баспасөзі
Фото: kaz.people.cn

«Қазақстанның Орталық несие Банкі – Қазақстанда құрылған алғашқы коммерциялық банктердің бірі. Қытайда және Қазақстанда жергілікті валютада екіжақты есеп айырысуды және клирингті, қолма-қол ақшаға қол жеткізуді, трансшекаралық аударымдар мен негізгі халықаралық валюталарда трансшекаралық есеп айырысуларды және т.б. жүзеге асырады. Қытай мен Қазақстанның саудагерлері мен тұрғындарына неғұрлым кешенді трансшекаралық қаржы қызметтерін ұсынады», - деп жазады қытайлық БАҚ.

«Халық газеті» ақпараттық порталының дерегінше, Қазақстандық банктің келуі екі елдің жергілікті валюталарының айналыс жағдайын одан әрі жақсарта алады. Сонымен қатар бұл юаньды интернационалдандыру процесін жеделдетуге және Қытай мен Қазақстан банктері арасындағы қаржылық ынтымақтастық арқылы капиталдың әртүрлі түрлерін жұмылдыра алады.

Түркі тілдер ақпарат агенттіктерінің альянсы құрылды – «ӨзА»

Ыстамбұл қаласында «БАҚ-тағы бірлік және болашаққа көзқарас» тақырыбында Түркітілдес елдердің медиа саммиті өтті.

Іс-шарада Түркияның «Анадолу» ақпарат агенттігінің бас директоры Сердар Карагез, Қырғызстанның «Кабар» ақпарат агенттігінің директоры Медербек Шерметалиев, Қазақстан «Қазконтент» медиахолдингінің басқарма төрағасы Бекзат Жүсіпов, Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігінің (UzA) бас директоры Абдусаид Кучимов, сондай-ақ Түркия Президенті әкімшілігінің байланыс бөлімінің меңгерушісі Фахреттин Альтун, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубаничбек Омуралиев және басқа да жоғары мәртебелі қонақтар қатысты. 

Қытайда «Қазақ халқының мың күйі» атты кітаптың тұсаукесері өтті – шетелдегі қазақ баспасөзі
Фото: uza.uz

Бұл туралы осы аптада өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлады.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, іс-шараға қатысушылар Түркітілдес елдердің жетекші медиа құрылымдарының өзара ақпарат алмасудағы ынтымақтастығының маңызын ерекше атап өткен.

«Осыған сәйкес, альянс түркі әлемінің ортақ мұрасы мен мәдениетін сақтау мен насихаттауда маңызды рөл атқаратыны сөз болды. Саммит соңында бес елдің медиа құрылымдарының басшылары арасында Түркі тілдер ақпарат агенттіктерінің альянсын құру туралы декларацияға қол қойылғанын мәлімдейді», - деп жазды өзбекстандық басылым.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА» ақпараттық агенттігінде «Орталық Азия өнеркәсіптік кооперациясының халықаралық орталығы іске қосылады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды. 

Өзбекстандық басылымның дерегінше, Ташкентте өтіп жатқан Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 16-шы саммиті аясында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Орталық Азияның өнеркәсіптік ынтымақтастығы халықаралық орталығының қызметін реттеу туралы келісім күшіне енді.

Құжатқа Өзбекстаннан Инвестициялар, индустрия және сауда министрі Лазиз Қудратов және Қазақстаннан Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қол қойған.

«ӨзА»-ның келтірген мәліметіне сүйенсек, орталыққа мемлекетаралық кооперация мен халықаралық күн тізбегін дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, шекаралас өңірдің өндірістік базасын пайдалану тиімділігін арттыру, өндірістік үдерісті үйлестіру, өнеркәсіптік кәсіпорындарды жаңғырту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру, екі ел арасында өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту және импортты алмастыратын өнімдерді дамыту сияқты маңызды міндеттер жүктелген.

190 миллион жыл бұрынғы динозавр жұмыртқасының ұясы табылды – «Жэньминь Жибао»

«Қытай геологиялық университетінің (Ухань), Қытай ғылым академиясы ежелгі омыртқалыларды және ежелгі адамзатты зерттеу басқармасы мен Гуйчжоу өлкелік мұражай қатарлы орындардың зерттеушілері Гуйчжоу өлкесі Аншун қаласы Пиңба районынан 190 миллион жыл бұрынғы өзгеше сақталған динозаврдың тасқа айналған қалдықтарының шоғырын байқаған. Динозаврдың тасқа айналған қалдықтарының тобы кемінде үш динозавр мен бес ұядағы балапанға айнала бастаған жұмыртқалар саны шамамен 50. Бұлардың барлығы бір түрдегі динозаврге жатады», - деп хабарлайды қытайлық «Жэньминь Жибао» басылымы.

Бұл – Қытайдан табылған ең ежелгі динозавр жұмыртқасы. Сонымен бірге, дүние жүзі бойынша қазірге дейін байқалған ең ертедегі динозавр жұмыртқасы мен жетілген динозаврдың тасқа айналған қалдықтарының шоғыры саналады. Бұл туралы зерттеу нәтижесі «Мемлекеттік ғылыми шолу» журналының интернет парақшасында жарияланған. 

Қытайда «Қазақ халқының мың күйі» атты кітаптың тұсаукесері өтті – шетелдегі қазақ баспасөзі
Фото: mp.weixin.qq.com

Айта кетейік, Гуйчжоудағы Пинба қаласында табылған динозаврдың тасқа айналған қалдығы күрең қызыл түсті шағылды тау жынысынан байқалған. Бұл динозаврлар – 190 миллион жылдың алдындағы юра дәуірінің басында өмір сүрген, екі аяғымен жүретін динозавр.

Соңғы жаңалықтар