Қытайда қазақстандық фильмнің түсірілімі басталды - Шетелдегі қазақ баспасөзі

Қытайдағы қазақша кино
Фото: People.cn

Kazinform шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Түркияның медицина туризмі дамып келеді - TRT

Өткен жылы Түркияға сауықтыру туризмі үшін шамамен 1 миллион 400 мың адам келді. Түркия денсаулық туризмінің орталық еліне айналды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Сауда министрлігінің әлеуметтік медиа аккаунтында жасалған мәлімдемеге қарағанда Түркия медициналық туризм таңдауы бойынша елдер арасында жетінші орында тұр.

Түркия
Фото: trt.net.tr

2023 жылы Түркияға сауықтыру туризмі үшін шамамен 1 миллион 400 мың адам келіп, денсаулық сақтау саласының қызмет экспорты 2 миллиард 300 миллион долларға жеткен.

Өткен жылы министрлік денсаулық сақтау қызметтерінің экспортында жұмыс істейтін компанияларға қолдау көрсетуді арттырған. Оларға 733 миллион лира қолдау көрсетілген.

Құлжадан Алматыға ұшақ қатынады – «Халық газеті»

қытай
Фото: kaz.people.cn

15 сәуірде China Southern Airlines авиакомпаниясының Құлжадан Алматыға алғашқы халықаралық рейсі 86 жолушысымен Қазақстанның Алматы халықаралық әуежайына қонды, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті».

Аталған басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, Құлжа-Алматы аралығындағы халықаралық рейс аптасына бір рет барып келеді. Ұшақ шамамен 1 сағат 20 минут ұшады. Сол күні Құлжа әуежайында ұшу-қону жолағындағы алғашқы рейсті мерекелеу рәсімі өткен.

«Құлжадан Алматыға алғашқы рейсті азаматтық авиация саласы жоғарғы ілтипатпен «су қақпасынан өту» рәсімімен қарсы алды», деп жазады қытайлық БАҚ.

Сонымен қатар kaz.people.cn-де «Қазақстанның Қытайдағы Елшісі: 2023 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда көлемі 30%-ға артты» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді. 

Қытайлық басылымның мәліметінше, 2023 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда көлемі 30%-ға өсіп, 41 миллиард АҚШ долларын құрайтын жаңа тарихи рекордқа жетті (ҚХР бас кеден басқармасының мәліметі бойынша). Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев екі тараптың алдында маңызды міндеттер тұрғанын айтты.

«Географиялық орналасуына байланысты Қазақстан Азиядағы транзиттік тасымалдауда шешуші рөл атқарады. Қазіргі уақытта «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыру аясында Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол тасымалының 80%-дан астамы Қазақстан арқылы өтеді.

2023 жылы екі ел арасындағы теміржол тасымалының көлемі сәйкес мезгілмен салыстырғанда 22%-ға артып, 28,3 млн тоннаға жетті», деп жазған «Халық газеті».

ҚазҰУ-да Сағди күніне арналған әдеби кеш өтті - Parstoday

ҚазҰУ-да Сағди күні
Фото: Parstoday.ir/kz

Әл-Фараби атындағыҚазҰУШығыстану фаультетіннің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы ирантану бөлімінің ұйымдастыруымен 18 сәуірде Сағди күніне арналған әдеби кеш өтті.

Бұл туралы осы аптада Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі хабарлады.

Аталған басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, әдеби кештің мақсаты – парсы әдебиетінің белді өкілдерінің бірі, ұлы ақын Сағди Ширазидың шығармашылығы жөнінде пікір алмасу, оның әдеби мұрасын насихаттау. Кешке қатысушы қонақтар парсы тілінде ақын шығармаларынан өлең оқыды. Әдеби кеште шығыстану факультетінің деканы Наталья Ем, Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасы Бас консулы Мохсен Фағани, Тәжікстан Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Равшан Бобохонзода, Тұран-Иран ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ислам Жеменей қатарлы бірқатар арнайы шақырылған мамандар сөз сөйледі.

Сондай-ақ, шарада баяндамашылар Cағди Ширазидың шығармашылығына жан-жақты тоқталып, оның құнды жақтарына айрықша көңіл бөлді. Сонау 13-ғасырда жазылған қуатты афоризмдері ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа тарап отырғанын және оның шығармаларының биік адамгершілік рухта жазылғанын, шығармаларындағы сөз иірімдерінің шебер берілуі, насихат пен ғибратқа толылығы, тіпті олардың қаншама уақыт зымырап өтсе де, болашақ ұрпақ үшін құнын жоғалтпағанын атап өтті. Сонымен қатар кешке қатысушы қонақтар ақын шығармашылығының әлем әдебиетіне қосқан үлесі, қазақ тіліндегі аудармалары мен жаңа зерттеу жұмыстарымен ой бөлісті.

Ташкентте Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы консулдық-құқықтық мәселелер бойынша консультациялар өтті - «ӨзА»

Өзбекстан
Фото: uza.uz/kz

Ташкент қаласында Өзбекстан мен Қазақстанның сыртқы істер министрліктері арасында консулдық-құқықтық мәселелер бойынша консультациялар өтті.

Бұл туралы өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлады.

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, консультацияларға екі елдің сыртқы істер министрліктерінің консулдық қызметтері мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысқан.

«Іс-шарада консулдық істер саласындағы Өзбекстан-Қазақстан ынтымақтастығын дамыту, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері талқыланып, осы бағыттар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша ұсыныстар қаралды», делінген хабарламада.

Келіссөздер қорытындысы бойынша хаттамаға қол қойылған.

Сондай-ақ «ӨзА»-да «Өзбекстан Қазақстанға гуманитарлық көмек жіберді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды

Қазақстанға гуманитарлық көмек
Фото: uza.uz/kz

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің тапсырмасына сәйкес Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккен халыққа гуманитарлық көмек жөнелтілген.

Гуманитарлық жүкті қалыптастыруға және белгіленген жерге жеткізуге байланысты ұйымдастыру мәселелеріне баса назар аударылған Министрлер Кабинетінің қаулысы қабылданған.

Осынау гуманитарлық жүкті Қазақстан Республикасына Өзбекстан Президентінің кеңесшісі Тұрсынхан Худойбергенов бастаған жұмыс тобы жеткізеді.

Өзбекстандық басылымның дерегініше, 15 ірі жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмек құрамында азық-түлік, әйелдер, балалар және ерлер сыртқы киімдері, көрпе-төсек, жастық, гигиеналық құралдар, арнайы жабдықтары бар шатырлар, резеңке қайық жинақтары және басқа да қажетті тауарлар бар.

Қытайда қазақстандық фильмнің түсірілімі басталды – People.cn

қазақстандық фильм түсірушілер
Фото: kaz.people.cn

Чжэцзянның Хэндяны қазақстандық фильм түсірушілерді қарсы алды.

Бірнеше күннен бері, Чжэцзян өлкесі Цзиньхуа қаласы мен Дунян қаласында орналасқан Хэндян кино және телевидение қалашығында қазақстандық «Ең болмағанда кинода» (Хотя бы в кино) фильмінің түсірілім тобы түсіріліммен айналысып жатыр. Hengdian Film and Television Crew Service компаниясының жауапты тұлғасының айтуынша, бұл Хэндянның Қазақстаннан қабылдаған алғашқы фильм түсіру тобы, деп хабарлайды Қытайдың «Халық» газеті.

«Ең болмағанда кинода» фильмінің қытайлық продюсері Ван Сяопин мұның комедиялық сериал екенін айтқан. Қазіргі уақытта түсірілім тобы үшінші бөлімді түсіріп жатыр, негізгі мазмұны - бас кейіпкердің анасының ауруына байланысты Қытайға қытай медицинасын іздеп келіп, қытайлық кунг-фуды үйренгені баяндалады.

«Халық» газетінің келтірген дерегіне сүйенсек, Чжэцзянның орталығында орналасқан Хэндян кино және теледидар индустриясының салыстырмалы түрде толық экологиялық тізбегін құрған. Қытайдың кино және теледидар жұмыстарының үштен екісі осы жерден шығады. Мұнда 1 900-ден астам кинокомпания мен телекомпания орналасқан, осы уақытқа дейін 4 000-нан астам кино түсіру топтарын қабылдады. Мұнда күн сайын ондаған мың белсенді жұмыс жасап жатқан қызметкерлер бар.

Соңғы жаңалықтар