Қытайда қазақтың дәстүрлі көш жолын тамашалайтын кезең басталды — шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады. 

Қытайда қазақтың дәстүрлі көш жолын тамашалайтын кезең басталды
Фото: Алтай ақпараты

Қазақстан мен Өзбекстан архив саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді — ӨзА

Астанада Узархив агенттігі мен Қазақстан Республикасы Президентінің архиві арасында архив ісі және құжат айналымы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Қазақстан мен Өзбекстан архив саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді
Фото: ӨзА

Бұл туралы «ӨзА» ақпарат агенттігі мәлімдеді

Хабарламада айтылуынша, құжат екі елдің архив мекемелері арасындағы әріптестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға, архив құжаттарын сақтау мен пайдалану ісін жетілдіруге, сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен инновациялық технологияларды дамытуға бағытталған.

Кездесу барысында тараптар архивтерді цифрландыру, электронды қорлар қалыптастыру, цифрлық технологияларды енгізу, мамандардың біліктілігін арттыру және тағылымдамалар ұйымдастыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар бірлескен ғылыми конференциялар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізу жөніндегі бастамалар қарастырылды.

Сонымен қатар тараптар тарихи құжаттарды ғылыми айналымға енгізу, архив қорларындағы деректерді тиімді пайдалану және жасанды интеллект технологияларын қолдану бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты. Меморандум екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтып, тарихи мұраны сақтау мен зерттеу мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Әндіжанда бір отбасыда төртем дүниеге келді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды

Әндіжанда төртем дүниеге келді
Фото: ӨзА

Аталған басылымның дерегінше, Өзбекстанның Әндіжан қаласында тұратын Адинахон Мұхаммаджонова үш ұл мен бір қызды дүниеге әкелді. Қуанышты оқиға өңірдегі сирек кездесетін жағдайлардың бірі ретінде бағаланып отыр.

Төртем Республика мамандандырылған Ана мен бала денсаулығы ғылыми-тәжірибелік медицина орталығы базасында дүниеге келген. Дәрігерлердің айтуынша, босану жоғары кәсіби бақылаумен сәтті өткен.

Қазіргі уақытта ана мен нәрестелердің жағдайы қалыпты. Олар мамандардың тұрақты бақылауында болып, қажетті медициналық көмек алуда.

Дәрігерлер мұндай босану жағдайлары өте сирек кездесетінін атап өтіп, сәбилердің денсаулығын жіті қадағалап отырғандарын мәлімдеді.

Қытай тәжірибесі Арал теңізін қалпына келтіруге көмектесуде — Халық газеті

Арал теңізінің экологиялық жағдайын жақсарту бағытында Қытай ғалымдары Орталық Азия елдерімен бірлескен жұмыстар жүргізіп келеді. 2013 жылы Қытай Ғылым академиясының Орталық Азия экология және қоршаған орта ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, оның бөлімшелері Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанда ашылды, деп хабарлайды Халық газеті басылымы. 

Қытай даналығы Арал теңізінің экологиялық қалпына келуіне ықпал етеді
Фото: Халық газеті

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Қытайлық мамандар Арал өңірінде экология, жерүсті және жерасты сулары, тұзды шаңды дауылдарды бақылауға арналған 80-нен астам мониторинг бекетін орнатып, қашықтан зондтау технологиялары арқылы теңіздің тартылу себептерін зерттеді.

Шыңжаңдағы тәжірибе негізінде Қытай мен Өзбекстан бірлесіп бес ботаникалық бақ құрып, сортаңға төзімді өсімдіктерді жерсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Арал теңізі халықаралық инновациялық орталығы жанындағы демонстрациялық аймақта 40-тан астам осындай өсімдік түрі енгізілген.

Сондай-ақ Қытайдың су үнемдеу технологиялары мақта шаруашылығында суды 50–70 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік берді. Өзбекстан мәліметінше, 2018 жылдан бері сортаңға төзімді өсімдіктер егілген орман алқабы шамамен 2 миллион гектарға жетіп, құмды және тұзды шаңды дауылдардың қарқыны төмендеген.

Сондай-ақ Халық газетінде «Алашанькоу арқылы жүк тасымалы алғаш рет 10 млн тоннадан асты» деген мазмұндағы ақпарат жарияланды.

Алашанькоу арқылы жүк тасымалы алғаш рет 10 млн тоннадан асты
Фото: Халық газеті

Қытайлық басылымның мәліметінше, биылғы қаңтар-сәуір айларында Алашанькоу бақылау-өткізу бекеті арқылы өткен импорт-экспорт жүктерінің көлемі 10 млн 716 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға артты. Осылайша бекет тарихында алғаш рет төрт айлық жүк тасымалы 10 млн тоннадан асып, рекордтық көрсеткішке жетті.

Алашанькоуда теміржол және автокөлік тасымалы қатар дамып келеді. Қаңтар-сәуір аралығында теміржол арқылы 6 млн 383 мың тонна жүк тасымалданып, көрсеткіш 13,4 пайызға өсті. Ал автокөлік арқылы тасымал көлемі 517 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 46 пайызға артқан.

Сондай-ақ осы кезеңде Алашанькоу автокөлік бекеті арқылы өткен көліктер саны 53 мыңға жетті. Экспортталатын негізгі тауарлар қатарында машина жасау және электр техникасы өнімдері, жоғары технологиялық тауарлар, киім-кешек пен оның бөлшектері бар.

Қазіргі таңда Алашанькоу арқылы тасымалданатын тауарлар Орталық Азияның бес еліне, Ресейге және әлемнің 80-нен астам елдері мен өңірлеріне жеткізіліп, шекарааралық сауда ауқымы кеңейіп келеді.

Қытайда қазақтың дәстүрлі көш жолын тамашалайтын кезең басталды — Алтай ақпараты

Қытайдың Алтай өңірінде қазақ малшыларының дәстүрлі маусымдық көші басталып, оны фото және бейнекамераға түсіруге қолайлы кезең туды. 7 маусым күні Бурылтоғай ауданының Сарбұлақ көктеуіндегі малшылар табын-табын сыйыр, қоралы қойын айдап, көш жолымен жайлауға көшті, деп жазады қытайлық Алтай ақпараты порталы. 

Қытайда қазақтың дәстүрлі көш жолын тамашалайтын кезең басталды
Фото: Алтай ақпараты

Алтай ақпаратының дерегінше, бұл аймақ Алтайдағы әйгілі «мың шақырымдық көш жолының» маңызды бөліктерінің бірі саналады. Жыл сайын мұнда көптеген фотографтар мен туристер келіп, көшпелі өмірдің табиғи көріністерін тамашалайды.

Тау мен даланы бойлай созылған көш керуені, мыңдаған малдың қозғалысы және қазақтың дәстүрлі тұрмысы өңірдің этнографиялық туризмін дамытуға серпін беріп отыр. Әсіресе жазғы маусымда көш көріністері ерекше қызығушылық тудырады.

Қытайлық БАҚ мәліметінше, Тянь-Шань мен Алтай өңіріндегі қазақ малшылары ғасырлар бойы қалыптасқан маусымдық көшу дәстүрін бүгінге дейін сақтап келеді. Олар жыл мезгіліне қарай жайлау мен қыстау арасында қоныс аударып, малын қолайлы жайылымдарға бағыттайды.

Ақпараттық басылымдар қазақтарды атқа міну мәдениеті мен көшпелі өмір салтын сақтаған халық ретінде сипаттайды. Бүгінде Шыңжаңдағы бірқатар қазақ қауымдары ата-бабадан қалған дәстүрлі мал шаруашылығын жалғастырып, көшпелі мәдениеттің сабақтастығын сақтап отыр.

Ирандық инвестор Алматы облысында ірімшік зауытын салады — Eurasia Today

Алматы облысында жылына 155 мың тонна өнім өндіретін ірімшік зауыты салынады. Жобаны ирандық инвестор жүзеге асырады.

Инвестициялық келісімге Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен ирандық азық-түлік холдингінің президенті Ғолам Әли Солеймани қол қойды. Жобаның жалпы құны 35,2 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары басталған.

Бұл туралы осы аптада Қырғызстанда шығатын Eurasia Today ақпарат агенттігі АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Ирандық инвестор Алматы облысында ірімшік зауытын салады —
Фото: Eurasia Today

Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, Ғолам Әли Солеймани Қазақстанды ұзақ мерзімді стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынын айтып, болашақта картоп өңдеу және балалар тағамын өндіру бағытындағы жобаларды іске асыру мүмкіндігін де қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Зауытты 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Жоба аясында 400 тұрақты жұмыс орны ашылып, қазақстандық мамандарды оқыту мен заманауи технологияларды енгізу көзделген. Сонымен қатар компания 2028–2038 жылдары Алматы облысындағы әлеуметтік бастамаларға жыл сайын 50 млн теңге бөлмек. Жоба Қазақстанның сүт өңдеу саласындағы ең ірі өндірістердің бірі болмақ.

Иран мен Үндістан аграрлық ынтымақтастықты кеңейтпек — ParsToday

Иран мен Үндістан ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, аграрлық өнімдер саудасын арттыруға ниетті, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі. 

Иран мен Үндістан аграрлық ынтымақтастықты кеңейтпек
Фото: ParsToday

ParsToday агенттігінің хабарлауынша, бұл мәселе Үндістанда өткен BRICS елдерінің ауыл шаруашылығы министрлері кездесуі аясында талқыланды. Иранның Ауыл шаруашылығы жиһады министрі Ғоламреза Нури Үндістанның ауыл шаруашылығы және фермерлердің әл-ауқаты министрі Шиврадж Сингх Чоуханмен кездесті.

Кездесу барысында Ғоламреза Нури Иранның Үндістанмен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастауға дайын екенін мәлімдеп, Тегеранда бірлескен ауыл шаруашылығы комитетінің отырысын өткізуді ұсынды.

Тараптар ғылыми зерттеулер, су ресурстарын басқару, жаңа технологиялар, механикаландыру, тұқым шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы бағыттарындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады.

Өз кезегінде Шиврадж Сингх Чоухан Үндістанның Иранмен аграрлық саладағы әріптестікті дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Тараптар ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы ынтымақтастықты күшейтуге уағдаласты.

Айтматов — әлем әдебиетіне өшпес мұра қалдырған қаламгер — TRT

10 маусым күні қырғыз халқының көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері Шыңғыс Айтматовтың өмірден өткеніне 18 жыл толды. Әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі саналатын қаламгер 1928 жылы Қырғызстанның Талас өңіріндегі Шекер ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы саяси қуғын-сүргін мен соғыс жылдарының ауыр кезеңімен тұспа-тұс келді.

Осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы әдебиет әлеміндегі біртуар тұлға Шыңғыс Айтматовтың өмірі мен шығармашылығы туралы шағын талдау мақаласын ұсынған

Келтірілген деректерге сүйенесек, Шыңғыстың әкесі Төреқұл Айтматов 1937 жылғы сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Отбасы туған ауылына оралып, болашақ жазушының дүниетанымының қалыптасуына қырғыз халқының ауыз әдебиеті, ертегілері мен аңыздары ерекше әсер етті. Бұл мұра кейін оның шығармаларының өзегіне айналды.

Шыңғыс Айтматов әдебиетке 1950 жылдары келді. Оның «Жәмилә» повесі халықаралық деңгейде кең танылып, француз жазушысы Луи Арагон туындыны «әлемдегі ең сұлу махаббат хикаясы» деп бағалады. Осыдан кейін жазушының шығармалары әлемнің көптеген тіліне аударылып, кеңінен тарала бастады.

Қаламгердің «Алғашқы ұстаз», «Қызыл орамалды шынарым», «Ақ кеме», «Қош бол, Гүлсары!», «Жан пида» және «Ғасырдан да ұзақ күн» секілді шығармалары адам тағдыры, ар-ождан, тарихи жады мен ұлттық құндылықтар тақырыптарын терең қозғады. Ол Лениндік сыйлық пен КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, дипломатиялық қызметтер де атқарды.

Еске сала кетейік, Шыңғыс Айтматов 2008 жылғы 10 маусымда Германияда дүниеден өтті. Ол Бішкектегі «Ата-Бейіт» мемориалдық кешенінде жерленген. Қаламгердің шығармашылық мұрасы бүгін де өзектілігін жоғалтпай, түркі дүниесі мен әлем әдебиетінің алтын қорынан орын алып келеді.