Қытайда нөсер жаңбырдан елдімекенді су басты

Қатты нөсер жаңбыр салдарынан Қытайдың орталық бөлігіндегі Хубэй провинциясының Лунган кентін су басты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.

Қытайда нөсер жаңбырдан елді мекенді су басты
Фото: Jimu News

Жергілікті ақпаратқа сәйкес, екі күн ішінде өңірде орта есеппен 160 миллиметрге дейін жауын-шашын түскен. Нөсер жаңбыр мен көршілес аудандардан келген тасқын сулардың әсерінен Лунган өзеніндегі су деңгейі 4,62 метрге көтерілді. Соның салдарынан кент көшелерін су басып, жүздеген тұрғын өз үйлерінде қамалып қалған.

— Нөсер жаңбыр бүкіл кентті су астында қалдырды, жолдардың барлығын су басты. Аса қажеттілік болмаса, сыртқа шықпаңыздар, өздеріңізді сақтаңыздар! Табиғат апаты аяушылық танытпайды, бірақ адамдардың жанашырлығы мол. Су тезірек қайтып, үйлер аман қалып, барлығы қауіпсіз болса екен, — деп жазды Қытайдың Rednote әлеуметтік желісіндегі қолданушылардың бірі.

Қауіпті аймақтардан құтқару қызметтері жедел түрде 1350 адамды эвакуациялады. Ресми мәлімет бойынша, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар қызметтері мен жергілікті тұрғындардың күшімен тұрғын аудандардағы су негізінен шығарылған. Су басқан аумақтарда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясында нөсер жаңбыр мен су тасқыны қаупіне байланысты 36 мыңнан астам тұрғынның эвакуацияланғаны хабарланған болатын