Қытайда соңғы екі жылда 20 мыңнан астам балабақша жабылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда балабақшалар саны және мектепке дейінгі білім алушылар саны айтарлықтай қысқарды. Бұл туралы Tencent News агенттігі жазды.
Қытай Білім министрлігі 10 қазан күні жариялаған «2023 жылғы ұлттық білім беру дамуы туралы статистикалық есепке» сәйкес, 2023 жылы елде 274 400 балабақша тіркелген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 14 808-ге азайып, 5,12%-дық төмендеуді көрсетеді. Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім алушылар саны 40,93 миллионға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 5,35 миллион балаға немесе 11,55%-ға қысқарған.
Tencent News агенттігінің хабарлауынша, Қытайда балабақшалар саны мен мектепке дейінгі білім алушылар санының азаюы 2023 жылы ғана емес, одан ертерек басталғаны көрінеді.
«2022 жылғы ұлттық білім беру дамуы туралы статистикалық есеп» деректеріне сәйкес, 2022 жылы Қытайда жалпы 289 200 балабақша болған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5610 балабақшаға аз, яғни 1,90%-ға төмендеген. Мектепке дейінгі білім алушылар саны 46,28 миллионды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,78 миллион балаға, яғни 3,70%-ға қысқарған.
Бұдан бұрын Lianhe Zaobao сайтының хабарлауынша, соңғы жылдары Қытайдағы туу деңгейінің төмендеуі балабақшаға баратын балалар санының күрт азаюына себеп болған.
Тарихи мәліметтерге сүйенсек, «екі бала» саясаты енгізілгеннен кейін 2016 және 2017 жылдары туу көрсеткіші 17 миллионнан асты, әсіресе 2016 жылы бұл көрсеткіш 18,83 миллионға жетті. Алайда, 2018 жылы бұл көрсеткіш төмендей бастады: сол жылы 15,23 миллион бала дүниеге келсе, 2019 жылы 14,65 миллион, 2020 жылы 12 миллион бала туылды.
Сонымен қатар, 2021 жылы Қытайда 10,62 миллион бала дүниеге келсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 9,56 миллионды, 2023 жылы 9,02 миллионды құраған. Болашақта балабақшаларға қабылдау көрсеткіштері төмендей береді деп болжанып отыр.
Туу көрсеткішінің төмендеуі өз кезегінде Қытайдағы бірқатар ауруханалардың акушерлік қызметіне де әсер етті.
Reuters агенттігінің дерегінше, соңғы екі айда Чжэцзян және Цзянси провинцияларындағы бірнеше ауруханалар акушерлік бөлімдерді жабылғанын мәлімдеген.