Қытайда тағы бір шенеунік пара алғаны үшін өлім жазасына кесілді

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық регионы партия комитетінің хатшысының бұрынғы орынбасары Ли Пэнсинь 822 миллион юаньнан астам пара алды деп айыпталып, өлім жазасына кесілді. 

Қытайда тағы бір шенеунік пара алғаны үшін өлім жазасына кесілді
Фото: stdaily.com

Lianhe Zaobao басылымының хабарлауынша, Қытай соты 22 сәуір күні Ли Пэнсиньнің пара алу ісі бойынша бірінші сатыдағы айыптау үкімін жариялады. Үкімге сәйкес, қытайлық шенеунікке аса ірі көлемде пара алғаны үшін өлім жазасы беріліп, қосымша саяси құқықтарынан өмір бойына айыру және бүкіл мал-мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалды. Сот шешімімен өлім жазасының орындалуы екі жыл мерзімге кейінге қалдырылды.

Екі жылдан кейін, сот шешімімен өлім жазасы өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған жағдайда, оған мерзімінен бұрын босатылу немесе жазасын жеңілдету мүмкіндіктері қарастырылмайды. 

Тергеу барысында анықталған және тәркіленген заңсыз мүлкі мен табысы мемлекеттік бюджетке аударылады.

Соттың анықтауынша, 1999 жылдан 2023 жылға дейін түрлі деңгейде лауазымды қызметтер атқарған Ли Пэнсинь өз өкілеттігі мен жұмыс бабындағы оңтайлы жағдайды пайдаланып, бірқатар мекеме мен жеке тұлғаларға кен орындарын игеру, кәсіпкерлікпен айналысу және кадрлық ауыс-түйіс бойынша «көмектесіп», қарымжысына тікелей немесе арадағы адам арқылы 822 миллион юаньнан астам заңсыз қаражат алған.

65 жастағы Ли Пэнсинь — Шаньси провинциясының тумасы. Ол Қытайдың Цинхай, Ішкі Моңғолия және Шыңжаң өңірлерінде бірнеше жыл бойы түрлі деңгейде басшылық қызметтер атқарған. Әсіресе 2016 жылы ШҰАР партия комитетінің хатшысының орынбасары болып тағайындалып, партия комитеті хатшылығының жетекшісі және білім ісі жөніндегі жұмыс комитетінің хатшысы қызметін қоса атқарған. Осы кезеңде идеология және білім саласындағы сепаратизмге қарсы күрес науқанына жетекшілік еткен.

2021 жылдың шілде айында басқа жұмысқа ауыстырылған. 2023 жылдың желтоқсан айында оның үстінен тәртіптік іс қозғалып, 2024 жылы маусымда партия қатарынан шығарылған.

Бұған дейін миллион оқырманы бар қытайлық экс-шенеуніктің істі болғаны жайлы жазып едік.

Соңғы жаңалықтар