Қытайда тағы да халыққа пышақпен шабуыл жасалды, бұл - биылғы сегізінші оқиға
АСТАНА. KAZINFORM — 16 қарашада Қытайдың шығысындағы Цзянсу провинциясындағы университетте көпшілікке пышақпен шабуыл жасалып, көптеген адам қаза тапты. Бұл - Қытайдағы биылғы дәл осындай сегізінші жағдай, деп жазды CCTV ақпарат көзі.

Қытай ақпарат құралдарының хабарлауынша, шабуыл 16 қарашаға қараған түні болған. Шабуыл болған жер Уси политехникалық кәсіптік-техникалық колледжі болса, шабуыл жасаған - 21 жастағы колледж студенті.

Шабуыл жасамас бұрын қанішер Сюй интернетте мақала жариялап, оның университеті белгіленген зауытта күніне 16 сағат жұмыс істеуге мәжбүр еткенін және жұмыс ақысын ала алмағанын жазған.

Қытай полициясы 16-сы күні түнде алдын ала тергеуден кейін күдікті Сюйдің (ер адам, 21 жаста, колледждің 2024 жылғы түлегі) мектепке көңілі толмай, қоғамға қарсы кек алу ниеті болғандықтан шабуыл жасағанын хабарлады.
Шабуыл нәтижесінде барлығы 8 адам қаза тауып, 17 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алған.

Қытай полициясы қылмыскердің ұсталғанын және қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Жуырда Қытайдың Гуандун провинциясында көлікпен әдейі халықты соғып кеткен шабуыл туралы хабарлаған болатынбыз. Бұл шабуыл барлығы 35 адамның өмірін қиды.
Бір жыл ішінде Қытайда қарапайым адамдарға қарсы осындай зұлым шабуылдар көп болды:
10 маусымда Қытайдың Цзилинь қаласындағы саябақта төрт АҚШ азаматына пышақпен шабуыл жасап, жарақаттады;
24 маусымда Цзянсу провинциясының Сучжоу қаласында мектеп автобусын күтіп тұрған жапондық анасы мен баласына шабуыл жасалды, нәтижесінде мектеп автобусының жүргізушісі Ху Юпинг қайтыс болды;
18 қыркүйекте Шэньчжэньдегі жапон мектебінің оқушысы мектепке бара жатқан балаға белгісіз қытайлық ер адам шабуыл жасап, өлтіріп кеткен;
30 қыркүйекте Қытайдың Шанхай қаласындағы Walmart супермаркетінде ер адам тұтынушыға пышақпен шабуыл жасап, үш адамды өлтіріп, 15 адамды жарақаттады;
8 қазанда пышақ ұстаған ер адам Гуанчжоу қаласындағы Тяньхэ ауданындағы бастауыш мектептің кіреберісінде екі бастауыш сынып оқушысы мен ересек әйелге шабуыл жасады;
28 қазанда Қытай астанасы Бейжіңдегі Хайдян ауданындағы Чжунгуанцун №3 бастауыш мектебінің қақпасының алдында адамдарға пышақпен шабуыл жасалды, бес адам, оның ішінде үш бастауыш сынып оқушысы жараланды.