Қытайда тікұшақ құлап, бір адам мерт болды

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Цзянсу провинциясының Сучжоу қаласында тікұшақ апатқа ұшырап, борттағы төрт адам жараланып, жердегі бір адам қаза тапты. Бұл туралы Lianhe Zaobao басылымы хабарлады.

Қытайда тікұшақ құлап, бір адам мерт болды
Фото: видеодан алынды/m.guancha.cn

Басылымның жазуынша, жергілікті уақыт бойынша 2 мамыр күні сағат 17:00 шамасында, R44Ⅱ үлгісіндегі тікұшақ (тіркеу нөмірі B-7541) Учжун ауданының үстінен ұшып өтіп бара жатқанда, он шақты метр биіктіктен жерге құлаған.

Жергілікті төтенше жағдай, полиция және денсаулық сақтау басқармалары жедел шаралар қолданып, жараланған төрт адамды ауруханаға жеткізді. Қазір олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Апаттың себебін анықтау үшін Цзянсу провинциясының азаматтық авиация басқармасы тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Тікұшақ құлап түскен туристік нысанның қызметкері оқиғаны растады. Оның айтуынша, апатқа ұшыраған тікұшақ осы туристік мекеменің серіктес ұйымына тән. Қазір демалыс аймағы жабылып, тиісті органдар тергеу жүргізіп жатыр.

Бұған дейін Қытайдың Ляоян қаласында дәмханадағы өрттен 22 адамның қаза тапқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар