Қытайда жаңа энергетикалық көліктердің жылдық өндірісі 10 миллионнан асты - Шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА тілшісі шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қытай көлік
Фото: Alamy

Қазақстан мен Қытай ғалымдары бірігіп ғылыми еңбектер жинағын шығарды - «Халық газеті»

13 қараша күні Алматыдағы Достық үйінде Қытай мен Қазақстан ғалымдары бірлесіп құрастырған «Әділетті Қазақстан және Қытай арманы: заманауи даму стратегиясының мүмкіндіктері мен болашағына талдау» атты академиялық мақалалар жинағы жарияланды. Шараға екі елден 80-ге тарта маман қатысты, деп хабарлайды «Халық газеті» басылымы.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, мақалалар жинағын қос елдің саясат, экономика, халықаралық қатынастар, тарих және мәдениет сияқты түрлі саладағы 30-дан астам сарапшылары мен ғалымдары бірлесіп жазған. Кітап үш тараудан тұрады. Онда Қытай мен Қазақстан ынтымақтастығының жаңа жетістіктеріне шолу жасалып, қазіргі халықаралық жағдайдағы екі ел ынтымақтастығының ағымдағы ахуалы талданады. Еңбекте екі жақты қарым-қатынастың келешегі туралы тұжырымдар айтылып, «Бір белдеу, бір жолды» бірлесіп салу ынтымақтастығының қос тараптың дамуына әкелген терең өзгерістері көрсетілген.

Сондай-ақ «Халық газеті» басылымында «Дрондар түйе бағып жүр» деген тақырыпта ақпарат жарияланды.

Қытайдың Шыңжаң өлкесі Байынғолын облысындағы шөлдің кіндігінде бақташылар 11 қараша күні 10 мың түйені үйірден бөлу жұмысына кірісті.

Қытайлық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, аталған өңірде 200-ден астам түйеге жергілікті малшылар спутниктік орнын көрсету чиптерін тағып, түйелерді әртүрлі топқа бөліп, сигналдар арқылы нақты уақытында олардың жайылып жүрген орнын дәл біліп отырады.

Сонымен қатар дрон технологиясы да кеңінен қолданылып, көптеген малшы дрон арқылы мал жаюға көшкен.

Жергілікті бақташының айтуынша, олар ойсыл қара тұқымын бағуды оңтайландыру үшін үйірді бастайтын түйелерге жүрген орнын көрсету чиптерін тағып, оларды ұялы телефондарына желілік сигналдар арқылы қабылдай алады. Сол арқылы малшылар үйінде жатып-ақ түйелердің қайда жайылып жүргенін біле алады. Бұл заманауи тәсіл мал бағудың тиімділігін айтарлықтай жақсартқан.

Түрік Мемлекеттері Ұйымының естелік монетасы басылды - TRT

ТМТ
Фото: trt.net.tr

Түрік Мемлекеттері Ұйымы (TМТ) үшін арнайы әзірленген естелік монета мүше елдер арасындағы терең тамырлы байланыстар мен ынтымақтастықты бейнелеу мақсатында дайындалды.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Түркиялық басылымның мәліметінше, естелік монетаны 6 қараша күні Қырғызстанның астанасы Бішкекте өткен ТМТ 11-ші саммиті барысында президент Режеп Тайып Ердоған мемлекет басшыларына сыйға тартты.

Монетаның бет жағында ТМТ логотипі және оның айналасында сегіз бұрышты Селжук жұлдызы бар, ал оның бұрыштары ТМТ құндылықтарын білдіреді.

Ал артқы жағында ұйымға мүше елдердің тулары мен «Тілде, пікірде, істе бірлік» деген сөз тіркесі жазылған. Естелік монета қола металдан басылып, 900 лирадан сатылымға шығарылды. Монетадан 5 мың дана басылған.

Сонымен қатар осы аптада «TRT»-да «Бір билетпен екі елге саяхат» деген ақпарат та жарық көргенін айта кеткен жөн. 

екі ел
Фото: trt.net.tr

Бұдан бұрын хабарланғандай, туристер Түркістанның қос інжу-маржаны Қазақстан мен Өзбекстанның мәдени орындарына бір ғана пойыз билетімен бара алады.

Айта кетейік, Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі туристерге арналған «Жібек жолы» халықаралық пойыз сапары бастағалнын хабарлады. Алғаш рет жүзеге асырылып жатқан жоба аясында туристер Қазақстан мен Өзбекстанның «Алматы-Түркістан-Ташкент-Алматы» бағыты бойынша орналасқан мәдени орталықтарды көре алады.

Бірінші Жібек жолы пойызы 16 қарашада жолға шығады. Саяхат 4 күнге созылады. Осы сапардың Қазақстандағы бөлігінде ежелгі Отырар мен Түркістан қалаларына, сондай-ақ қасиетті Арслан баб және Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне экскурсиялар ұйымдастырылады. Сонымен қатар туристер Керуен Сарай нысанына бара алатын болады.

Турдың Өзбекстан бөлігінде туристерге Ташкенттің тарихи-мәдени орталықтары таныстырылмақ.

Жаңа энергетикалық көліктердің жылдық өндірісі алғаш рет 10 миллионнан асты - Жэньминь жибао

Қытай автомобиль өндірушілері қауымдастығының хабарлауынша, Қытайдың жаңа энергетикалық көліктердің жылдық өндірісі алғаш рет 10 миллион бірліктен асты. Бұл әлемдегі ең жоғарғы көрсеткіш, деп хабарлайды Қытайдың «Жэньминь жибао» ақпараттық порталы.

Статистика көрсеткендей, 2013 жыл көліктер өндірісі мен сатылымы статистикалық жүйеге енгізілген алғашқы жыл болды. 2018 жылға қарай жылдық өнім бір миллион данаға жетті, ал 2022 жылға қарай жылдық өнім 5 миллионға жеткен. Жыл бітуге әлі бір жарым ай бар болсада биылғы өндірілген жаңа энергетикалық көліктер саны 10 миллион бірліктен асып түсті. Мамандар бұл сан жыл соңына дейін 12 миллион көліктен асады деп болжап отыр.

Қытайлық БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, соңғы он жыл ішінде елде ұлттық стратегиялардың басшылығымен жүзге жуық ынталандырушы саясат енгізіліп, өнім технологиялары үздіксіз жаңартылды және инфрақұрылымдық қолдау барған сайын жақсартылды. Соның арқасында Қытайдың жаңа энергетикалық көлік өнеркәсібі алға жылжып, нарықтандырудан индустрияландыруға, ауқымдылыққа және жаһандануға дейін және одан да жоғары деңгейге жетуді жалғастыруда.

Болашақта Қытайдың жаңа энергетикалық көлік өнеркәсібі кванттық секіріске қол жеткізіп қана қоймай, сонымен қатар сапа саласындағы серпілістерді жалғастырып, Қытайдың жаһандық жаңа энергетикалық өнеркәсібіне үлкен күш-қуат қоспақ.

Өзбекстан мен Қазақстан білім саласындағы бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылауда - ӨзА

Өзбек
Фото: uza.uz/kz

Өзбекстан елшісі Бахтиёр Ибрагимов Қазақстан білім министрі Ғани Бейсембаевпен кездесіп, екі елдің білім жүйелері арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін қарастырды, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» ақпараттық порталы.

Аталған агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан білім министрі Өзбекстан Президентінің елдің білім жүйесіне көрсетіп отырған жоғары назарын жоғары бағалады.

Оның айтуынша, өзбекстандық оқушылардың халықаралық ғылыми және спорт олимпиадаларында жоғары орындарға ие болуы, жүйеде жүзеге асырылып жатқан тиімді реформалардың нәтижесі.

«Тараптар Ташкент, Астана және Алматы қалаларындағы мамандандырылған білім мекемелерінде мұғалімдер біліктілігін арттыруды ұйымдастыру, сондай-ақ заман талабына сай әдістемелік құралдар әзірлеу арқылы екі ел мектептерінде өзбек және қазақ тілдерін оқытудың сапасын арттыру мәселесін талқылады», деп жазады «ӨзА».

Кездесу барысында екі елдің білім мекемелері арасындағы өзара ынтымақтастық байланыстарын жандандыру және кеңейту, сондай-ақ бірлескен шараларды өткізу мүмкіндіктеріне назар аударылған.

БРИКС елдері жастарының мүмкіндіктерін Халықаралық дағдылар мен өкілеттіктерді арттыру орталығын ашу арқылы тереңдетеді - ParsToday

Дағдылар мен мүмкіндіктерді кеңейту орталығы БРИКС-ке мүше елдердің білім беру және адам ресурстарын оқыту саласындағы күш-жігерін үйлестіруге жауапты болады, деп хабарлайды Иранның «ParsToday» ақпарат агенттігі.

Аталған агенттіктің мәліметінше, BRICS+ халықаралық мектебі БРИКС білім беру жүйесін дамыту үшін халықаралық дағдылар мен мүмкіндіктерді кеңейту орталығын ашты.

ParsТoday агенттігінің «БРИКС халықаралық тележелісіне» сілтеме жасап хабарлауынша, бұл жоба Стратегиялық бастамалар агенттігінің (ASI) қолдауымен жүзеге асырылуда және бұл мекеме БРИКС білім орталықтарының желісін құру жөніндегі жаһандық бастаманың бір бөлігі болуы керек.

Бұл орталықтың негізгі міндеті БРИКС елдерінде кәсіптік бағдар беру бағдарламаларын, білім беру, жастар саясатын және экономика, ғылым, білім және мемлекеттік басқару салаларындағы білім беру бағдарламаларын қамтитын халықаралық білім беру туризмі жүйесін дамыту және іске қосу болмақ. Сонымен қатар білім беру туризмін жұмсақ күш құралдарының бірі ретінде пайдалануға болатыны айтылды.

Сонымен қатар осы аптада «ParsToday»-де «Альцгеймер ауруының алдын алу мен емдеуге арналған нано қоспалар өндірудегі ирандық компанияның жетістігі» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

ауруының алдын алу
Фото: parstoday.ir/kz

Ақпарат деректеріне сүйенсек, Ирандық ғылыми компанияның зерттеушілері Альцгеймер ауруының алдын алу үшін дәрілік қоспалар мен тері жараларын қалпына келтіруге арналған жеке кремдер шығарған.

Иранның Ferdowsi Nanobiology ғылыми негізделген компаниясы нанотехнологияны қолдана отырып, Альцгеймер ауруының алдын алу және емдеу үшін қосымша дәрі шығарды. ParsToday мәліметінше, бұл препарат құрамында «фенкол» және «кверцетин» нанобөлшектері сияқты табиғи өнімдер бар.

Бұл жеке кремді дақтарға қарсы, бет терісін көтеру немесе тері тінін қалпына келтіру үшін пайдалануға болады.