Қытайда жаңа микросериалдардың 90%-дан астамы ЖИ көмегімен жасалады
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Қытайда жарық көрген жаңа микросериалдардың 90%-дан астамы жасанды интеллект арқылы жасалған. Бұл туралы Бейжіңдегі Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Xinhua агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қытайдың Радио және теледидар істері жөніндегі мемлекеттік басқармасының мәліметінше, биыл қаңтар-тамыз айларында 430 мың қысқаметражды сериал эфирге шыққан. Бұл өткен жылдың толық көрсеткішінен 13 есе көп.
Реттеуші органның дерегіне сүйенсек, Қытайда қысқаметражды сериалдарды 800 миллионнан астам адам тамашалайды. Өткен жылы осы нарықтың көлемі 100 миллиард юань (14 миллиард доллардан астам) болған.
— Жасанды интеллект технологиялары микросериалдарды жаңа тәсілмен жасауға, шығындарды қысқартып, өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Алайда бұл контент сапасы мен авторлық құқықты қорғауға қатысты жаңа мәселелердің туындауына да себеп болды, — деп атап өтті ведомство.
Есепті кезеңде бақылау шаралары күшейтіліп, талаптарды бұзған 68 мың микросериал өшірілді, 1,2 мыңнан астам аккаунтқа қатысты шара қабылданды. Соның ішінде бұғатталған контенттің 90%-дан астамы жасанды интеллект арқылы жасалған жобаларға тиесілі.
1 қыркүйектен бастап Қытайда жаңа ереже күшіне енеді. Оған сәйкес, минисериал өндірушілер мен онлайн-видеосервистер ЖИ арқылы жасаған контентті арнайы белгімен көрсетуге міндетті. Сондай-ақ платформалар өздерінде жарияланатын өнімдердің сапасын бақылауға тікелей жауап береді.
Бұған дейін Қытайда жасанды интеллект жасаған актрисаның танымалдылығы артқаны хабарланған болатын.
Ақзат Жиеналина