Қытайда жасанды жаңбыр жаудыру бойынша эксперимент жүргізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай ғалымдары Шыңжаң-Ұйғыр аймағында дрондардың көмегімен жасанды жаңбыр жаудырды, деп хабарлайды Экосфера

Қытайда жасанды жаңбыр жаудыру бойынша эксперимент жүргізілді
Фото: Ecospere.press

Күміс йодидінің көмегімен олар 70 000 текше метр жаңбыр жауғызды, бұл шамамен 30 олимпиадалық жүзу бассейніне тең.

Эксперимент Тянь-Шань тауларының етегіндегі Баянбұлақ жайлауында екі түрлі дрондарды қолдану арқылы жүргізілгені атап өтілді. Олар 5000 метр биіктікте қозғалып, әрқайсысы 125 граммнан күміс йодид ұнтақтарын шашады. Жалпы шығын 997 грамм, бүрку жылдамдығы секундына 28 грамм болды.

Химиялық заттың аз мөлшеріне қарамастан, эксперимент күткеннен жоғары нәтиже берді: 8000 шаршы шақырым аумақта қосымша жауын-шашын байқалды. Ғалымдар бұған бұлт қабаттарын дәл өңдеу арқылы қол жеткізілгенін айтады - бұл бұрын техникалық тұрғыдан қиын деп саналған нәрсе.

Тәжірибені Қытай метеорологиялық басқармасының бұлтты тұндыру және ауа райын өзгерту физикасы зертханасы мен Шыңжаң ауа райын өзгерту басқармасы жүргізді. Нәтижелер үш жолмен бағаланды: жаңбыр тамшыларын өлшеу, 50 жылдық климаттық статистиканы талдау және модельдеу. Барлық әдістер жауын-шашынның 3,8-4,3 пайызға артқанын көрсетті.

Күміс йодидімен бұлттарға әсер ету технологиясы XX ғасырдың ортасынан бері бар, бірақ дрондарды пайдалану дәлдікті арттырып, экологиялық қауіптерді азайтты. Зерттеу авторларының бірі Ли Биннің айтуынша, эксперимент бұл технологияның құрғақшылықпен күресуде және климаттың өзгеруіне бейімделуде үлкен мүмкіндіктері бар екенін көрсетті.
Шыңжаң аймағындағы жауын-шашынның жылдық мөлшері небәрі 150 миллиметр екенін ескерсек, бұл технология су және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды құрал бола алады.

Еске сала кетейік, Қытайдың интеллектуалды білім платформасы рекорд жаңартты.

Соңғы жаңалықтар