Қытайдағы алып пандалар популяциясы 830-ға жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда жасанды ортада тіршілік ететін алып пандалардың саны 830-ға жетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі Xinhua агенттігіне сілтеме жасап.

Қытайдағы алып пандалар популяциясы 830-ға жетті
Фото: Pixabay

Бұл туралы сейсенбі күні Чэнду қаласында өткен конференцияда ҚХР Мемлекеттік орман және дала шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ли Юньцин мәлімдеді.

Оның айтуынша, Алып пандалар ұлттық паркі құрылғаннан бергі бес жыл ішінде экологиялық дәліздердің көмегімен 13 жергілікті популяцияның мекен ету аумақтары біріктірілген. Бұл аймақтарда жануарлардың бір жерден екінші жерге қоныс аударуының 150-ден астам дерегі тіркелген.

Ли Юньциннің сөзінше, соңғы 30 жылда Қытай 20 елдің 26 ұйымымен халықаралық ғылыми ынтымақтастық орнатқан. Осы уақыт ішінде шетелдегі бағдарламалар аясында 69 пандадан 73 төл дүниеге келген.

Алдағы уақытта Алып пандалар ұлттық паркінің аумағын дамыту жоспары әзірленіп, адам әрекетінің табиғатқа ықпалын бақылау күшейтіледі. Сондай-ақ жануарлар арасындағы ауруларды анықтау жұмыстары күшейтіледі.

Бұған дейін Қытайдан екі алып панда АҚШ-қа жеткізілгені хабарланған болатын.