Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы: Қазақстандық алғашқы делегация бүгін Бейжіңге барды

Қытай
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

БЕЙЖІҢ. KAZINFORM – Алдағы 28-29 наурыз күндері Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжің қаласында Қазақстан туризмі жылының ресми ашылу рәсімі өтеді.

Осыған орай Қазақстаннан шыққан алғашқы делегация мүшелері бүгін Бейжіңге арнайы ұшып келді. Олардың қатарында билік өкілдерінен бөлек, әншілер, күйшілер, бишілер, сонымен қатар әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген танымал спортшыларымыз да бар.

Айта кетсек, өткен жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысуға қазан айында Бейжіңге барған болатын. Форум аясында екі ел басшылары келіссөз өткізіп, бірқатар құжатқа қол қойды. Осы кездесуде 2024 жыл – Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болып жарияланған еді.

Осыған орай ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Қытайдың ірі қалаларында бірқатар маңызды іс-шараларды өткізу тұжырымдамасын ұсынып, еліміздің Қытайдағы туризм жылына байланысты ауқымды іс-шараларды өткізуді қолына алды. Атап айтсақ, Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен кездесіп, Қытайдағы Қазақстан туризмі жылын өткізу жоспарларын және туризм саласындағы өзара ынтымақтастық одан әрі дамыту мәселелерін талқылаған болатын.

«Қытай Қазақстан үшін басым туристік нарық пен маңызды серіктестердің бірі саналады. Өйткені екі елдің географиялық орналасуы, Жібек жолы бойындағы тарихы терең байланысы барлық салада өзара ықпалдастыққа оң әсерін тигізеді. Бүгінгі таңда елдеріміз арасындағы туристік ағыны пандемияға дейінгі көрсеткішке қайта көтеріліп отыр», – деп атап өткен еді Ермек Маржықпаев.

Мәселен, Қытай туристері былтыр Қазақстанға ең көп келген ТОП-5 елдің қатарына енді. Статистика деректері бойынша, өткен жылдың 9 айында Қазақстанда 75 мыңнан астам қытайлық туристке қызмет көрсетілген. Ал Қытайдан Қазақстанға келушілердің жалпы саны 200 мың адамнан асты.

Ведомство басшысы былтыр екі ел арасында визасыз режим енгізілгенін және биыл тікелей рейстер санын аптасына 30-ға дейін ұлғайту жоспарын ескере отырып, туристік ағынның одан әрі артуы мүмкін екенін атап өтті. Министрдің мәлімдеуінше, биыл Қытайдың 7 ірі қаласында (Бейжің, Сиань, Шанхай, Үрімші, Гонконг, Ханчжоу, Чэнду) ТОП-20 отандық туристік орындар таныстырылады.

Соңғы жаңалықтар