Қытайдан заңсыз әкелінген құс етінің көзі жойылды
АСТАНА. KAZINFORM — АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясы қалалық прокуратурамен бірлескен рейд өткізді.
Тексеру барысында Шымкент қаласының «Жібек жолы» сауда орталығының аумағында ветеринариялық сертификатсыз және басқа да қосымша құжатсыз Қытайдан әкелінген құс еті табылды.
Саудагерден 35 070 кг ет тәркіленді.
Ветеринария туралы заңның 15-бабына сәйкес жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізат — мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілері.
Еуразия экономикалық одағының ережелеріне сәйкес импортталатын тауарлар тиісті жерге жеткізілген кезде толық ветеринариялық бақылауға жатады.
Егер бақылаудағы тауардың шығу тегі оның ветеринариялық-санитариялық тұрғыдан қауіпсіздігін куәландыратын құжаттармен расталмаса, тауар өндіруші есебінен жойылуға немесе жөнелтушіге қайтарылады.
Анықталған құс етінің барлық партиясы Шымкент қаласының Ақтас кентінің қалалық қоқыс жинау орталығының аумағындағы беккари шұңқырында өңделіп, жойылды.
Онда дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілді, оның ішінде ет контейнері мен 9 «Газель» жүк көлігі өңдеу шараларынан өтті.
Әкімшілік кодекстің 406-бабының 1-тармағына сәйкес жеке кәсіпкерге 50 АЕК айыппұл салынды.