Қытайдың Әзербайжан арқылы жүк тасымалы 40 пайызға артты

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдан Әзербайжанға қатынайтын блок-пойыздардың саны бір жылда 40 пайызға өсті. Бұл туралы Kazinform-ның Әзербайжандағы меншікті тілшісі Azeri-Press Agency (APA) агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Қытайдың Әзербайжан арқылы жүк тасымалы 40 пайызға артты
Фото: APA

APA мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында «Әзербайжан темір жолдары» (ADY) Қытайдан 416 блок-пойыз қабылдаған. Өткен жылдың осы кезеңінде олардың саны 296 болған.

Осылайша, бір жыл ішінде Қытайдан қабылданған блок-пойыздар саны 120-ға көбейген.

Қытайдан келетін жүк ағынының артуы Әзербайжандағы теміржол тасымалының жалпы көлемі ұлғайған кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында ADY 13,88 млн тонна жүк тасымалдаған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 11 пайызға көп.

Ал транзиттік жүк тасымалы 15 пайызға өсіп, 5,7 млн тоннаға жетті.

Сонымен қатар Шығыс — Батыс бағыты бойынша транзиттік тасымал көлемі 20 пайызға артқан. Бұл Еуразиядағы негізгі көлік дәліздерінің бірінде жүк қозғалысының күшейгенін көрсетеді.

Бұған дейін Қазақстан мен Қытай Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын жеделдетуді жоспарлап отырғаны хабарланған.