Қытайдың Хайнань провинциясынан «Кадзики» тайфунына байланысты 20 мың адам көшірілді
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 13-ші болып отырған «Кадзики» тайфуны жексенбі күні Қытайдың арал провинциясы Хайнаньның оңтүстік жағалауына жақын аймақта күшейе түсіп, супертайфун деңгейіне жетті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Хайнань провинциясы метеорологиялық станциясының мәліметтеріне қарағанда, супертайфун Вьетнамның солтүстік және орталық жағалауына бет алған.
Тайфун шамамен сағатына 20 шақырым жылдамдықпен қозғалады. Жексенбі күні дауыл орталығына жақын аймақта желдің жылдамдығы Бофорт шкаласы бойынша 14 балға (45 м/с) жетті.
Қытайдың Хайнань провинциясында 20 мыңнан астам адам эвакуацияланды, 30 мыңнан аса балық аулау кемесі порттарға оралды немесе қауіпсіз жерлерге жасырынды.
Санья қаласында мектеп сабақтары тоқтатылды, кәсіпорындар мен сауда орындарының жұмысы, қоғамдық көлік қозғалысы және кеме қатынасы уақытша тоқтатылды.
Вьетнамның орталық провинцияларында билік барлық теңіз көліктеріне теңізге шығуға тыйым салды.
Вьетнам БАҚ-ының хабарлауынша, «Кадзики» тайфуны 25 тамызда елдің орталық жағалауына жақындағанда 11–12 балға дейін күшейіп, екпіні 15 балға дейін (167–183 км/сағ) жетуі мүмкін.
Осыған дейін Вьетнамда «Кадзики» тайфунына байланысты шұғыл шаралар қолға алынғаны туралы жаздық.