Қытайдың мемлекет және қоғам қайраткері Ботай Көпенұлы дүниеден озды

Қытайдың Шыңжаң өлкелік Өндірістік-құрылыс корпусы қолбасшысының бұрынғы орынбасары, Қытайдағы қазақтар арасынан шыққан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ботай Көпенұлы өмірден озды. Kazinform бұл туралы thepaper.cn сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

дүниеден озды
Фото: m.sohu.com

Қытайлық БАҚ-тың хабарлауынша, Қытай коммунистік партия комитетінің бұрынғы тұрақты мүшесі, Шыңжаң Өндірістік-құрылыс корпусы қолбасшысының орынбасары  85 жасында Үрімжі қаласында бақилық болған. 

Айта кетейік, Ботай Көпенұлы 1938 жылы желтоқсанда қазіргі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі, Баркөл қазақ автономиялы ауданында дүниеге келген. 1965 жылдан бастап жұмыс істеп, 2004 жылдың маусым айында зейнетке шыққан. 

Б. Көпенұлы Қытай Ғылым академиясының Шыңжаң филиалында жұмыс істеп жүріп, Алтын тауларының табиғи қорғалуы мен дамуының ғылыми негізін құрайтын кешенді экспедиция ұйымдастырды, бірқатар ғылыми еңбек жазып, «Химиялық сөздіктің» қазақша нұсқасын құрастырды. 

Ол – Шыңжаңдағы қазақ мәдениет қоғамын құруға атсалысқан тұлғалардың бірі. Сондай-ақ Шыңжаңдағы Шыхызы университетін құруға мұрындық болған.