Қытайдың он үздік туристік қаласы туралы не білеміз
Әлемді жайлаған пандемия салдарынан ақсап қалған туризм саласы Қытайда әсіресе ішкі саяхат есебінен жедел көтеріліп келе жатқанын статистикалық деректер көрсетіп отыр. Kazinform тілшісі Қытайдың туризм саласында көш бастап тұрған қалалар туралы деректерін бөліседі.

Биылғы шілде айында ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары кезінде 2025 жыл Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы болып жарияланған еді. Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесі (WTTC) мен Oxford Economics ұсынған баяндамада 2024 жылы Қытайдың ішкі туризмнен түскен табысы 938 миллиард долларға жетіп, рекордтық көрсеткіш орнатады деп болжанған.
Биылғы тамыз айында жарияланған «2024 жылдың жаз айларындағы ішкі мәдени туризм нарығының танымалдығы туралы есепті» қытайлық Луйбан мәдени туризм академиясы саладағы он мыңға жуық кәсіпорынға жүргізілген онлайн сауалнама негізінде әзірлеген. Аталған есепке сәйкес, биылғы жазда Қытайдағы ең танымал туристік бағыттардың алғашқы ондығына Бейжің, Шанхай, Нанкин, Чэнду, Ханчжоу, Лоян, Вэйхай, Сиань, Гуанчжоу және Чунцин кіріп отыр.

Үздік ондықтың басында ел астанасы Бейжің тұр. Бейжің Қытайдың саяси орталығы ғана емес, ең ірі туристік орталықтарының бірі де. 2024 жылдың алғашқы сегіз айында Бейжің 250 миллионға жуық турист қабылдап, 450 миллиард юаньнан (шамамен 62 млрд АҚШ долларына жуық) астам табыс тапқан. Қалада туризмнің мәдени, медициналық, технологиялық және басқа бағыттары қатар дамыған. Қала аумағында көрікті жерлер мен танымал туристік нысандар аз емес, әсіресе қарапайым қытайлықтар үшін бір көру арман болған Тяньаньмэнь алаңы (Бейжіңнің жүрегі деп саналады), Қытайдың бай тарихынан сыр шертетін Гугун мұражайы (Қытайдағы ең ірі және аса толық сақталған сарай кешені), дәстүр мен жаңашылдықтың нәзік үйлесімін танытатын Ихэюань, Бэйхай, Тяньтань, Юаньминъюань, Олимпиада саябақтары, Бадалин жотасындағы Қытай қорғаны және хутун деп аталатын қысқа, тұйық көшелер мен сыхэюань деген атпен белгілі тұрғын үй кешендерінен құралған көне шаһардың жұрнағы туристерге таңдай қақтырмай тұрмайды.
Айтпақшы, Бейжіңнің түркі-моңғол тілдерінде бертінге дейін Ханбалық – Хандар қаласы деп аталғанын біле жүрген артық емес.

Үздік ондықты, әрине, Шанхайсыз елестету мүмкін емес. Бұл Қытайдағы ең ірі мегаполис, қаладағы тұрғылықты халықтың саны 25 млн-ға жуық. Қытайдың ең басты экономикалық, қаржылық және кәсіпкерлік орталықтарының бірі ретінде Шанхайға 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 3 млн-нан астам шетелдік турист табан тіреген. Аядай ғана балықшы ауылдан бұл күнде Қытай экономикасының ең басты драйверіне айналған мегаполис туристерді «Шығыс інжуі» секілді көк тіреген зәулім ғимараттарымен ғана баурамайды, қаланың бай тарихи-мәдени дәстүрі мен мұрасы, Шығыс және Батыс өркениеттерінің келісімін көрсететін Юйюань саябағы мен Вайтань (Жағалау) аумағындағы сәулет кешендері, Диснейленд, жергілікті этнодәстүрдің айнасындай Чэнхуанмяо храмы кез келген туристі бейжай қалдырмайды.

Нанкин немесе Наньцзинь – Шығыс Қытайдағы басты қалалардың бірі, ұзақ тарихы мен бай мәдениеті бар Нанкин 6 әулетке астана болған. Чжуншань (Сунь Ятсен) кесенесінің сән-салтанаты, Конфуций храмының дыр-думаны және Циньхуай өзенінің кешкі көркі Қытай мәдениетін сезінгісі келген турист үшін таптырмас мүмкіндік сыйлайды. Сондай-ақ Сяолин кесенесі мен Президент резиденциясы (Қазіргі Қытай тарихы мұражайы) да тарихқа қызығатын туристер үшін өте тартымды. Нанкин қалалық мәдениет және туризм ақпараттық орталығының дерегіне сенсек, тек осы жылдың шілде, тамыз айларында шаһар 45 млн-нан астам турист қабылдаған.

Үздік ондыққа Сычуань провинциясының бас қаласы Чэнду де кіріп отыр. 22 млн-ға жуық халық тұратын Чэнду – Батыс Қытайдың логистикалық, қаржылық, технологиялық, мәдени орталығы және көлік, білім хабы. Қала тарихы 3200 жылдан арыға кетеді. Қаладағы ең танымал туристік нысандардың бірі – Куанчжай Сянзы (Кең және тар көшелер), ол Чэнду тарихының маңызды кезеңдерінен сыр шертіп, дәстүр мен заманауи стильдің үйлесімін ұсынады. Ухоу ғибадатханасы, Ду Фудың қамыс лашығы, Ванцзянлоу павильоны сияқты тарихи-мәдени орындардың қызығы өз алдына. Бүкіләлемдік табиғат мұраларының тізіміне енген панда резерваты (жалпы 7 табиғи қорық пен 9 көрікті аймақтан құралады) мен Цзючжайгоу ұлттық паркі (Қытайдағы ең танымал туристік-курорттық аймақтың бірі) де қалаға жақын орналасқан. Синьхуа агенттігінің дерегі бойынша, тек биылғы ұлттық мерекенің «алтын аптасында» Чэнду 24 млн турист қабылдап, 22,65 млрд. юань (шамамен 3.1 млрд. АҚШ доллары) табыс тапқан.

Тізімде қытайлықтар «Жердегі бейіш» деп тамсанатын Ханчжоу бесінші орынға жайғасқан. Ханчжоу Қытайдағы ең әсем қалалардың бірі ғана емес, тарихи-мәдени маңызы зор көне шаһар және ел тарихындағы сегіз астананың бірі. Сондай-ақ қытайлықтар үшін ол шайдың отаны, жібек өнерінің орталығы және сән астанасы. Әлемдік мұралар тізіміне енген Сиху мен Цяньдаоху көлдері Қытайдағы ең көрікті су айдындарының қатарында аталады. Қалада Лэйфэн пагодасы, Цинхэ махалласы, Чжэси шатқалы, Тяньму тауы, Лунмэнь кенті сияқты сан қилы аңызға толы және көркі көз сүріндіретін әсем жерлер мен туристік нысандар аз емес. Биылғы бірінші жартыжылдықта қалаға 137 млн. турист ат басын бұрып, туризм саласы шаһар бюджетіне 179 млрд. юань кіріс кіргізген.

Рейтингтегі келесі қала – Лоян. Ұлы Жібек жолының шығыс нүктесі һәм Қытай өркениетінің маңызды ошақтарының бірі деп дәріптелетін алып шаһар Қытай тарихында 13 әулетке елорда болған. Қаланың іргесі қаланғанына 40 ғасырдан астам уақыт өтті деген болжам бар. Суншань, Циньлин, Фуню, Тайхан тауларының түйілісіне орналасқан, туризм ресурстарының саны мен сапасы бойынша айрықша басымдыққа ие Лоян туристік салада «Қытайдың тарихи-мәдени астанасы» һәм «сейіл-серуен мен демалыс орталығы» деп аталып келеді. Шаһарда Лунмынь үңгірлері, Ақбозат храмы, Байюнь ландшафттық аймағы, Интяньмэнь қақпасы, Ескі қала секілді көз мейірін қандыратындай көрікті жерлер өте көп. 2024 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында Лоянға жалпы 116 млн. туристтің жолы түскен, туризм есебінен қала бюджетіне 90,38 млрд. юань қаржы құйылған.

Тізімді жетінші болып Шаньдун провинциясындағы Вэйхай қаласы толықтырыпты. Сары теңіз – Бохайдың жағасына жайғасқан қала жанға жайлы табиғатымен, тынысты ауасымен, жібектей жұмсақ құм-қайраңымен кез келген туристің жүрегін жаулап алады. Самсаған курорттық орындардан бөлек, қытайлық даосизм іліміндегі киелі Шэнцзиншан тауы, аққулардың Азиядағы ең ірі мекені Аққу көлі сияқты туристік нысандар да бір баруға татырлық. Қытай үшін үшінші санаттағы қала саналатын және 3 млн-ға жетер-жетпес халқы бар Вэйхай 2023 жылы 59,07 млн. турист қабылдаған, бұл қала тұрғындарының санынан 20 есе көп.

Келесі орын Сиань қаласына бұйырыпты. Ол Шэньси провинциясының бас қаласы және Солтүстік-батыс Қытайдың саяси, экономикалық, мәдени, логистикалық, медициналық, технологиялық орталығы. Тұрғылықты халық саны 13 млн. Сиань – жаһандық деңгейдегі тарихи-мәдени қалалардың бірі, сондай-ақ қытай өркениетінің киелі бесіктерінің бірі. 3 мың жылдық тарихы бар ежелгі шаһарда 13 әулет билік құрған. Қаладағы тарихи-мәдени ескерткіштердің санында есеп жоқ, 2023 жылғы дерек бойынша 134 мұражай тіркелген. Шаһар аумағында үлкен-кіші Саралақаз пагодасы, Қоңыраулы мұнара, ежелгі қала қабырғалары, Ұлы жарылқаушы храмы, Сиань мешіті сияқты толып жатқан тарихи-мәдени және туристік нысандар бар. Әсіресе Терракота әскері, Чжаолин кесенесі сияқты құпиясы толық ашылмаған, жаһан жұртшылығын таң қалдырған ежелгі ғұрыптық-сәулет кешендері қаланың атағын аспандата түскені анық. 2024 жылы Ұлттық мерекенің «алтын аптасында» шаһар 17.5 млн. турист қабылдаса, қаңтар-қыркүйек аралығында шетелден 80 мың турист ат басын арнайы бұрыпты.
Айтпақшы, ежелгі түркілер Құмдан деп атаған Сиань қаласында 2023 жылдың мамыр айында ҚР Бас консулдығы ашылған болатын.

Гуанчжоу – Гуандун провинциясының бас қаласы, Қытайдың сыртқы саудасының басты орталығы, ірі мегаполис, айрықша бөгенайымен оқшау тартып тұратын Линнань мәдениетінің алтын бесігі. 19 млн-ға таяу халық тұратын мегаполисте шаруашылықтың өзге секторларымен қатар туризм, әсіресе оның іскерлік саласы қарыштап дамыған. Гуанчжоу Қытай бойынша бау-бақшалы қала, үздік туристік қала, танымал тарихи-мәдени қала секілді марапаттардың иегері. Гуанчжоу телемұнарасы, Байюнь жотасы, Юэсю тауы, Наньша батпақты паркі, Хуанань ботаникалық бағы, Чэнь әулетінің храмы секілді туристік нысандар ұмытылмастай әсер қалдырары сөзсіз. Қала әкімдігінің ақпараты бойынша, 2024 жылдың алғашқы жеті айында Гуанчжоуға 148 млн. турист барған.

Қытайдың туризм саласындағы үздік ондықты тау қаласы атанған Чунцин түйіндеді. Географиялық келбеті мен мәдени-гуманитарлық ортасы өзгеше, 32 млн. халық тұратын мегаполис Батыс Қытайдың қаржылық орталығы саналады. Атақты Янцзы өзенінің басқы алабына орналасқан Чунцин таңғажайып табиғатымен, ну орманымен, әсем айдындарымен әйгілі. Әсіресе Үш қысаң аталатын табиғи-ландшафттық өңірді қытайдың Ли Бай секілді ұлы ақындары ұдайы жырға қосқан. Шаһарда Дацзу жартас рельефтері, Хунъядун үңгірлері, Байдичэн ғибадатханасы, Цыцикоу кенті, Цзялинцзян өзені, Улун карсты сияқты танымал туристік бағыттар бар. Чунцин табиғаттың таңғажайып көріністерімен ғана емес, бай тарихи-мәдени мұраларымен, әсіресе Баюй мәдениеті, Үш қысаң мәдениеті тәрізді жергілікті ерекшелігі айқын этномәдени дәстүрлерімен туристерді көбірек тартып келеді. Статистика бойынша, 2024 жылдың алғашқы сегіз айында Чунцин 83 млн. турист қабылдап, 90 млрд. юань табыс тапқан, тек Үш қысаң мұражайына осы аралықта 2.3 млн.-нан астам турист ат басын бұрыпты.